424.49 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қызылорда облысының шөл даласында алма бақтары көбейді

  • 167
  • UPD: 21:55, 26.10.2020

Қызылордада құнарлы алқап аз. Сыр өңірі шөлейтті аймақ екені белгілі. Мұнда тал-теректің өзіне ерекше күтім керек. Дегенмен, аймақта соңғы жылдары алма бағын жайқалтқан шаруашылықтар көбейді. Өңірде суармалы судың тапшылығы қатты сезіледі. Сондықтан жеміс бағын жайқалту қаншалықты тиімді? 

Бұл бес гектар жерге 13 мың түп көшет егілген. Алманың 3 түрлі сұрпы бар. Жеміс беру кезеңіне қарай жаздық, күздік болып бөлінеді. Ағаштардың бойы аласа болғанымен жемісті мол береді екен. Мұнда тамшылатып суару технологиясы қолданылуда. Дегенмен, Қызылорданың қатал климаты өнімге өз әсерін тиігізіпті.  

Еркін Бекжанов, шаруа қожалығының басшысы:

- Болашақта төбесін сеткамен жабуға биыл күзде қарастырып жатырмыз сол мәселені. Бізде күн қатты ыстық. Алманың бетіне қара дақтар түсіреді екен, өте қатты күн ыстық болғасын бізде. Тауарлық видін құртады екен алманың. 

Сыр өңірі шөлейтті келеді. Ауқымды бау-бақша тұрмақ, бір тал шыбық шығару үшін ерекше күтім керек дейді мамандар. Алайда жаңақорғандық бағбан Амантай Сарбасов жеміс-жидек көшеттерін әуелі жерсіндірудің маңызын алға тартып отыр. 

Амантай Сарбасов, агроном:

- Көпшілігі бізде өспейді, бізде болмайды дей береді, не өспейді, не болмайды бізде? Өзінің дәнінен, ішіндегі тұқымынан шыққан алмаға жетпейді. Олар 70-80 жыл жасайды. Олардың беретін өнімі 500-600  кг бір түп алма береді. 

Аймақта биыл алғаш рет жеміс-жидек көшеттерін дайындайтын арнайы тұқымбақ іске қосылды. Мұнда алманың 10 түрі өсіріледі. Өрік пен жүзімнің де бірнеше сұрпын бағбандар алысқа сабылмай осы жерден ала бастаған. Грек жаңғағы мен миндаль фундук жаңғағы да өсіп тұр. 

Қайратбек Сәрсенбаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Мысалы, күріштің суару нормасы бір сезонда 24 мың гектардан 34 мың гектарға дейін барады шығыны. Ал алма дақылынікі ол 4-5 мың куб метрден артпайды. Ал тамшылатып суару жағдайында одан да төмен болатыны белгілі. 

Сыр өңіріндегі суармалы су тапшылығы егінді әртараптандыру қажеттігін айқындай түсті. Осы ретте аймақта жыл сайын шамаман жеміс-жидек бақтарының аумағын 70-100 гектарға ұлғайту жоспарланған. Ал елімізде бау-бақшадан жиналатын жеміс-жидек көлемін 2025 жылға қарай 420 мың тоннаға жеткізу жоспары бар. Ол үшін көшет сапасынан бастап, жерсіндіру, будандастыру мәселесінде ғылыми ізденістер керек. Сонда ғана қазір небәрі 60 процент шамасындағы ішкі нарық ауқымын толық қамтамассыз етіп қана қоймай, сыртқа сатуға мүмкіндік туады дейді мамандар.Авторлар: Нұрлан Жақыпбеков, Қанат Еңсебаев

Хабар 24 телеарнасы