423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ШҚО-дағы жалғызбасты әке көмекке мұқтаж

  • 300
  • UPD: 20:15, 27.10.2020

Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданында тұратын көп балалы әке шиеттей бала-шағаны жалғыз өзі бағып қағып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Алайда жарығы жиі өшіп, интернеті жоқ тау ішіндегі Қарабұйрат ауылында қыстай тұрақтап қалу қиын», - дейді ол. Бес баласымен аудан орталығына көшкісі келген әке өтінішін біздің тілшілеріміз тыңдап қайтты.

Болат Көкенайұлы, тілші:

- Үржар ауданына қарасты Қарабұйрат ауылында 250-ге жуық адам тұрады. Адал еңбегімен отбасын асырап, дала төсінде комбайн, трактор тізгіндеп ел қатарлы өмір сұріп жүрген Сейсенбай Қонақаев былтыр күзде өмірлік жарынан айрылыпты. Алайда шиеттей бала-шағаны жетімсіретпеймін деп интернатқа да, басқа мекемелерге де бермеген.

Сейсенбай Қонақаев, Қарабұйрат ауылының тұрғыны:

– Ешкімге тәуелді емес болатынмын, сөздің шыны керек. Мен көктем шықса болды, жұмыс істей беретінмін. Комбайн, трактор болсын, маған бәрібір. Ұлым 3-топтағы мүгедек, бала деген қиын, шығып кетсең, не ауырып қалады, не бірдеңе ұрынып қалады, алаңдап отырасың.

Бұрынғы үйі апатты жағдайда болғандықтан, мына 2 бөлмелі баспананы аудан әкімдігі демеушілердің көмегімен 400 мың теңгеге сатып әперіпті. Ауылдағы тіршілік белгілі. Отын жарып, су кіргізу керек. 2 бала оқушы, кішкентай екі қыз мектепке әлі бармайды. Ер азаматтың қазір үйден шығуы мұң болған. Бар табысы мүгедектігі үшін алатын жәрдемақы. Атаулы әлеуметтік көмектен де қағылған. Алда қылышын сүйреп қыс келеді, балалар ауырып-сырқаса жол қатынасы да қиын. Аудан әкімдігіне осы мәселелерді айтып бірнеше рет барыпты.

Сейсенбай Қонақаев, Қарабұйрат ауылының тұрғыны:

– Жеті рет бардым, есіктің алдынан қайтарып жібереді, өзіміз шақырамыз деп. Біз сияқтыларды көріп, неге бермейді, мен соған қайран қаламын. Ішім соған қан жылайды.

Меруерт Мадыбекова, студент:

– Әкеміз ана орнында ана, әке орнында әке болып отырған кісі. Жасы да бірталайға келіп қалды. Ішінде жылуы, суы бар үй болса деп сұраймыз. Ең бастысы, тілегіміз жерде қалмасын, бауырларым аман болса екен деп тілеймін. Бәрі жақсы болып, еш таршылық көрмесе екен деп.

Меруерт Семей қаласындағы колледждердің бірінде оқиды. Қазір сабақтар онлайн өтіп жатыр, ал Қарабұйратта интернет мәселесі ол шешілмеген. Біздің түсірілімнен кейін, бұл мәселе туралы құлағдар болған жергілікті атқамінерлер ертеңінде осында арнайы келді. Жағдайды өз көздерімен көріп, көп нәрсеге қанықты.

Болат Көкенайұлы, тілші:

– Бүгін тауда қапалақтап қар жауып тұр. Әппақ қармен бірге ақ ниеттер де қабыл болған сияқты. Олар мұратын жетіп, бақытты ғұмыр кешіпті деп аяқталатын қазақ ертегілері сияқты біздің де репортажымыз оң нәтижемен аяқталғанына мына сұхбат куә.

Дидар Хамитов, Үржар ауданы әкімінің орынбасары:

– Бүгін міне, Қарабұйрат ауылындамыз. Сейсен ағамыздың үйіндеміз. Енді бұл кісі көпбалалы әке болғандықтан, жағдайды ескере, аудан әкімі шұғыл шешім қабылдап, бұл кісіні Үржар ауылдық округінде тұрғын үймен қамтамасыз етіп қана қоймай, осы сұрақты кешенді шешіп, бұл кісі мықты механизатор екен. Өмір бойы трактор айдаған, жұмыс мәселесін, балаларын мектеп, балабақшамен қамтамасыз ету жұмыстарын ойластырып жатырмыз.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы