423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Асқар Мамин: 2025 жылы халықты толықтай таза сумен қамтамасыз етеміз

  • 181
  • UPD: 18:42, 27.10.2020
Асқар Мамин: 2025 жылы халықты толықтай таза сумен қамтамасыз етеміз

Ауылдарды ауыз сумен қамту мәселесі әлі де өзекті.

Шалғайда жатқан елді мекендерге сапалы су жеткізу үшін жыл сайын 100 млрд теңге бөлінеді. Бұл ақшаға жаңадан құбыр тартылады немесе ескісі жөнделеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір елді мекендерді орталықтандырылған сумен жабдықтау көрсеткіші 92%-тен асыпты. Үкімет «2025 жылы халықты толықтай таза сумен қамтамасыз етеміз» деп отыр.

Тіршілік нәрі сапасыз болса, ұлттың саулығы жақсармайды. Әлі күнге ащы су ішіп немесе таза суды алыстан тасып отырған ауылдар бар. Тартылған құбыр іске қосылмай жатып кәдеге аспай қалған жағдайлар да болды. Мемлекет басшысы ауылдағы ағайынды сапалы сумен қамту мәселесін бірнеше рет көтерді. Жауаптыларға тиісті тапсырма берді. Үкіметтегі отырыста Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов: «Қостанай, Жамбыл және Павлодар облыстарында ауыз сумен қамту деңгейі төмен», - деді. Алматы, Атырау және Қызылорда өңірлерінде де таза су жетпеген ауылдар бар.

Бейбіт Атамқұлов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

- Биыл қалалар мен ауылдарда сумен жабдықтау және су бұру желілерін дамытуға республикалық бюджеттен бөлінген 113,6 млрд теңгеге 303 жоба іске асырылып жатыр. Аймақтар бойынша жағдай мынадай: 3 өңірде, атап айтқанда, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Атырау облыстарында қала халқы 100% орталықтандырылған сумен қамтылған.

««Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жоспарланған жұмыстарды кейінге қалдырмай, тезірек тиімді шаралар қабылдау керек», - дейді министр. Жоспар бойынша биыл 37 ауылдың халқы сапалы суға қол жеткізеді. Ал, бес жыл ішінде 90 ауылға су барады. 2025 жылға дейін 3 мың шақырымнан астам топтық су құбыры тартылады.

Мағзұм Мырзағалиев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:

- Жоспар бойынша 2025 жылға дейін 11 топтық су құбырлары қайта жаңартылып, жөнделеді. Оның ішінде бірқатар су құбырлары ұзартылады. Осының арқасында бұған дейін сапалы суы болмаған 87 ауылдық елді мекен таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі. 104 мыңға жуық адамды қамтиды. Сонымен қоса, 321 ауылдық елді мекеннің ауыз су беру жүйесі жаңартылатын болады. Бұл өз кезегінде 525 мың адамды қамтиды.

Үкімет басшысы сумен жабдықтау жобаларын іске асыруға отандық материалдарды пайдалануға шақырды. Ауылдарды сумен жабдықтауға мониторинг жүргізу мақсатында интерактивті карта іске қосылды. Сонымен қатар саладағы орталық және жергілікті атқарушы органдар арасындағы құзыретті бөлу бойынша заң жобасы әзірленді. Құжат өңірлерді сумен жабдықтауға арналған субсидияны бөлуді тездетеді. Әр облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуын ескере отырып, 1 текше метр су үшін халықтың төлемін реттейді.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:

- Сумен жабдықтау және су бұру мәселелері Үкіметтің стратегиялық міндеті болып табылады және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға тікелей әсер етеді. Жалпы елде орталықтандырылған сумен жабдықтау қалаларда 97,2%, ауылдарда 86,4%-ті құрайды. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2025 жылға қарай халықтың 100%-і сумен жабдықтау қызметімен қамтамасыз етіледі. Осының арқасында біз халықтың сапалы ауыз суға қол жеткізу мәселесін толығымен шешеміз.

Ауыз сумен қамтудан бөлек, еліміздің 53 қаласында кәріздік-тазарту қондырғыларын салу және жаңғырту жобалары іске асады. Қазір дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Министр Атамқұловтың айтуынша, оған бюджеттің ақшасы жұмсалмайды. Халықаралық қаржы ұйымдарынан қаражат тарту үшін келісім жасалған

Хабар 24 телеарнасы