425.49 509.00 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Талдықорғандағы ықшам ауданда бірнеше жылдан бері көкейкесті мәселелер шешілмей келеді

  • 138
  • UPD: 22:32, 27.10.2020

Талдықорғанның оңтүстік-шығыс ықшам ауданындағы төрт көшенің тұрғындары «балаларымыз тоққа түсе ме» деп қауіптенеді.

Жұртты жолдың нашарлығы мен арық жүйелерінің жоқтығы да мазалайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ауыз су проблемасы да өзекті болып тұр. Көкейкесті мәселесін бірнеше жылдан бері шеше алмай жүрген қалалықтар арнамызға хабарласып, базынасын айтты.

Алаңдаушылықпен күн кешіп жатқан тұрғындарға кезінде жер телімдері инфрақұрылымдық жүйесі жүргізілмеген күйі берілген. Сондықтан олар электр желісіне өздері қосылыпты. Әрбірі жеке сым тартқандықтан онысы салбырап, бағаналары майысып кеткен. Тіпті тоқ бірінің қорасына, ал көп балалы ана Ақмарал Айтышева тұратын үйдің қоршауына тиейін деп тұр.

Ақмарал Айтышева, қала тұрғыны:

- Міне, тоқты қараңызшы, есік ашылмай қалады жақында. Ал, менің кішкентай балаларым бар. Ал мына жерде Күншуақ балаларды оңалту орталығы тұр.

Ақжарқын Ходжиева, қала тұрғыны:

- Бағана қойғанбыз, көршілердің барлығы соған тоқтарын іліп қойған. Солар салбырап тұр. Балаларға «ол жерге бармаңдар» деп есіміз шығады. Жел соқса жарық өшіп қалады.

Ауыз суды да тұрғындар орталық жүйеден өздері тартқан. Сол себепті көшеге бір емес, бірнеше құбыр төселіпті.

Мейрамхан Нүкебаев, қала тұрғыны:

-Бірақ тарту керек еді ғой. Сотканы жібер, соған қосыл. Солай болу керек. Ал, қазір түгеліміз мынандай пластикпен тартық. Қазір бірдеңа қазса талай үйдің несі кетеді. Ол қаншама шығын, қаншама ыңғайсыздық?!

Бұл ықшам ауданға жаңадан үй салынғандықтан, қиыршықтас төселген жол мен бұрынғы арық жүйелері тегіс бұзылған. Соның салдарынан тұрғындар бау-бақша егетін судан да қағылып отыр.

Күләш Дубекова, қала тұрғыны:

- Арықсыз, сусыз қалдық. Мен үш жыл қатарынан әкімдікке өзім бардым. Арқамнан сипалап, жымиып, күлімдеп шығарып салып жүрді. Үш жыл күттім. Қысқасы, бізге арық шығарып, бұрынғыдай суымызды ала алатындай ғып бау-бақшамызды суара алатындай ғып берсін.

Жұмыс күніне қарамастан көкейкесті проблеманы көтеру үшін тұрғындардың көбі жиналды.Олар арыз талаптарын қағаз бетіне түсіріп, қол қойды.

Ғалия тайболатова, қала тұрғыны:

- Су, жарық, канализация, арық жолдың мәселесі, соның бәрі осының ішінде. Содан кейін аялдаманың проблемасы. Түнімен жастар осы жерде болады. Жаздай немерелермен осы жерге шығудың өзі қорқынышты болады.

Белсенділер өтінішті қалалық әкімдікке апарып тіркетті. Жауаптыларды өздері тұратын оңтүстік-шығыс ықшам ауданына ертіп келіп, қалыптасқан жағдайды көрсетті. Инфрақұрылым жүйесі қашан тартылатынын да сұрап білді. 

Нұрым Әлиұлы, қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

- Жоба жасауға ақша сұрап жатырмыз. Бұйырса, келесі жылы ақша берілгеннен кейін электр қуатын тартуға жоба дайындаймыз. Жобаға төрт көше кіреді. Ақжазық, Көкжазық, Гүлдала және тағы бір көше. Содан кейін бұл көшеге электр желісін жаңалап тартып береміз.

Осылайша, көпшіліктің өзекті мәселесіне қозғау салынды. Енді тұрғындарға электр тоғына ешкімнің түспеуін тілеп, келесі жылға дейін инфрақұрылымдық жүйенің тартылуын тосуына тура келеді.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов

 

 

Хабар 24 телеарнасы