422.40 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстанда алғашқы дәрігерлік көмекті дамытуға басымдық берілмек

  • 157
  • UPD: 23:18, 27.10.2020

COVID-19 індеті етек жайғанда еліміздегі алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесі қандай қиындықтарға тап болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Пандемиядан қандай сабақ алды? Қарағандыда өткен басқосуда өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды. Алматы декларациясының 42 жылдығы мен академик Төрегелді Шармановтың 90 жасқа толу мерейтойына және Қарағанды медицина университетінің 70 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға бірнеше мемлекеттің білікті дәрігері қатысты.

Коронавирус дерті еліміздегі денсаулық сақтау саласы үшін үлкен сынақ болды. Әсіресе, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету жүйесінің әлсіз тұстарын ашып көрсетті. «Бұдан біз сабақ алып, келешекте қателікке жол бермеудің қамын жасау керекпіз», - дейді конференцияға қатысқандар. 

Төлебай Рахыпбеков, МСАК қауымдастығының президенті:

- Көп ауылдарда дәрігерлер жетіспейді. Біз айттық мынау МСҚ беріп жатқан ақшасының үстінде жергілікті әкімдер қоса жалақы төлесе. Бір жалақыдан үш жалақыға дейін. Мынау ауылыңда дәрігер жоқ па, үш жалақы төлеп ұстауға болады, мысалы. Сондай-сондай ұсыныстар бар бізде.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы дәрігерлердің пандемия жағдайындағы жанкешті еңбегін жоғары бағалап отыр. Елімізде екінші толқынға дайындық барысы да жақсы жүріп жатқанын атап өтті. «Дегенмен, алғашқы көмекті әлі де жетілдіру қажет», - дейді олар.

Мелитта Якаб, МСАК бойынша ДДҰ Еуропалық орталық өкілі:

- Алғашқы медициналық санитарлық көмекті көрсеткенде елді мекеннің ерекшелігі ескерілу керек. Бұрын біз 2 мың тұрғынға бір дәрігер жеткілікті деп келдік. Бірақ бұл қате түсінік. Мәселен, қариялары немесе жас сәбилері көп ауылдарда, аудандарда тиісінше, медбикелер, дәрігерлер саны да көп болу қажет. 

Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі келешекте індеттің алдын алуға басымдық бермек. Айталық, алдағы 5 жылда бөлінетін қаржының 60%-і алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесін дамытуға жұмсалмақшы.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсету үшін отбасылық дәрігерлердің біліктілігін көтеру – біздің қазіргі басты міндеттеріміздің бірі. Көмекке жүгінген науқастардың 90%-іне учаскелік дәрігерлер кеңес беріп, емдеуі қажет. Тек күрделі жағдайда ғана салалық мамандардың көмегіне жүгіну керек.

Осындай жан-жақты, әмбебап мамандарды даярлау үшін келешекте учаскелік дәрігерлерді арнайы оқу курстарына жіберу жоспарланып отыр.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Аслан Демесбаев

Хабар 24 телеарнасы