423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қызылорда облысында заңсыз қоқыс алаңдары көбейіп кеткен

  • 204
  • UPD: 23:15, 27.10.2020

Биылғы жылдың 6 айында экология департаментінің мамандары 132 мың тонна өндірістік және тұрмыстық қатты қалдықтың тасталғанын анықтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өнеркәсіптік нысандар атмосфераны ластайтын заттармен қатар сарқынды суды қоршаған ортаға еш шімірікпестен төгеді. Олардан тұрғындар да қалыспайды. Шаруа қожалықтары күріш қауызын елді мекен тұсына ойланбастан төгіп кете береді.

Экологтар өңірдің географиялық орналасуына сай аймақта 147 қоқыс тастау алаңы болуы керектігін жергілікті билікке сызып тұрып көрсеткен. Бірақ облыста қазір 5 полигон ғана талапқа сай жұмыс істеп тұр. Содан болар, әркім қалдығын әр жерге тастайды. Қашықтан зондтаудың ғарыштық түсірілім қызметі арқылы Экология департаменті өткен жылы 228, ал биыл 136 рұқсатсыз ласталған алаңқай тауып отыр.

Толыбек Әбдіхалықов, облыс бойынша экология департаментінің бөлім басшысы:

- Аталған стихиялық бей-берекет қалдықтар орнын департаментпен жергілікті органдардың бірлескен шаралары негізінде 99%-ке орындалып, толық орындары жойылды. Бүгінгі күн нәтижесімен бей-берекет тасталған қалдықтар орны Қызылорда қаласынан 50 км аумақта жою жұмыстары жүргізіліп, біршама қалыпқа келіп қалды.

Облыс орталығындағы қоқыс полигоны аузы-мұрнына дейін толды. Күнделікті қаладан шығатын қалдықты қабылдауға мұршасы болмағасын 1 миллиард 200 миллион теңгеге жаңа кешен салынып, қыркүйекте іске қосылды. 20 гектарлық нысанда тұрмыстық қалдықтар сұрыпталып, қайта өңделіп, кәдеге жарамайтыны көміледі. Жоба өз тиімділігін көрсетті. Бірақ енді ескі полигондағы үйілген қоқыс қайта-қайта өртеніп, маңайдағы тұрғындардан «түтінге тұншықтық» деген арыз-шағым көбейіп отыр.

Елмұрат Рахматуллаев, қала әкімінің орынбасары:

- Сол ескі полигонды тұрғылықты мекенжайы жоқ азаматтар сол жерден керек затын іздеу мақсатында полигонда өртеу деректері орын алуда. Алайда оған қарамастан біз күнделікті тазалық мекемесінің арнайы техникалары арқылы өртеніп жатқан қоқыс алаңдарын өшіру жұмыстарын тыңғылықты жүргізіп келеміз.

Жергілікті тазалық мекемесінің қызметкерлері эколог, полициямен бірге рейдке шығып, аңдып отырса да тұрғындар жол жиегін қоқысқа толтырып кетеді. Жалпы облыс орталығында 823 көше бар болса, соның 240-ын ғана таза ұстауға қала қазынасынан қаржы бөлінеді екен.

Елмұрат рахматуллаев, қала әкімінің орынбасары:

- Қалған 583 көшесін «Қызылорда тазалығы» мекемесі арқылы біз толыққанды тазалығын ұстап тұрмыз. Тазалық мекемесінің жұмысшылары таңғы сағат 05:00-ден кешкі 21:00-ге дейін демалыссыз жұмыс жасауда. Тазалық мекемесі Қызылорданың кәсіпкерлік нысандары, моншалардың тазалығын толық қамтамасыз етіп отыр.

Көше-көшені сыпыртқымен кезетін жұмысшылар ортақ үйімізді таза ұстау үшін тұрғындарды әсіресе кәсіпкерлерді қоқыс шығару бойынша коммуналдық мекемемен келісім-шартқа отыруға шақырады.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Айтмұхамбет Бәйділдаев

Хабар 24 телеарнасы