423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматыны селден қорғайтын бөгеттердің құрылысы шегерілді

  • 132
  • UPD: 08:39, 28.10.2020

Алматыда мегаполисті қатты селден қорғайды деген екі су бөгетінің құрылысы кейінге қалдырылды. Үлкен Алматы және Ақсай өзенінде заманауи бөгет салу жоспарланған болатын. Жоба құны 22 миллиард 800 миллион теңге. Тапсырыс беруші «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесі. Бірақ жақын арада құрылыс басталмайтын секілді. Өйткені тендерде жеңіліп қалған компанияның бірі конкурс нәтижесін заңсыз деп санап, сотқа арыз берген.

Үлкен Алматы мен Ақсай өзенінде салынуы тиіс маңызды нысандардың жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, тендер де өткен. Екі су бөгетін салуға 22,8 млрд теңге жұмсау көзделген. Ақсай су бөгеті  үлкен болатындықтан оған 15,5 млрд теңге қарастырылған. Аюсай кішілеу. Сол себепті оның құрылысына 7,3 млрд теңге бөлу жоспарланған.

Әділет Ахатаев, ҚР ТЖМ «Қазселденқорғау» ММ басшысының орынбасары:

- Бұл нысандар бойынша Үкіметтің 2020 жылдың 2 наурызындағы №127 қаулысына сәйкес веб-портал арқылы мемлекеттік сатып алу байқауы өтті. Ережеге сай төрт күннің ішінде барлық өтініштер қаралды. Нәтижесінде конкурстық комиссия мүшелері «Ақсай» плотинасын салуға «Толағай-2050», ал «Аюсай» плотинасын салуға «Integra Construction KZ» компаниясын лайықты деп тапқан.

«Integra Construction KZ» компаниясы «Ақсайдағы» үлкен су бөгетін  салуға да ниет білдіріпті. Бірақ конкурстық комиссия мүшелері компанияның кейбір арнайы жұмыстарды жүргізуге рұқсаты болмағандықтан өтінішін қанағаттандырмаған. Бірақ бір тендерде жолы болмаған серіктестіктің екінші тендерде ұтқаны қызық.

Әділет Ахатаев, ҚР ТЖМ «Қазселденқорғау» ММ басшысының орынбасары:

- Бұл жерде барлық параметрлер ескерілгенін айта кеткен жөн. «Ақсай» плотинасы биікте орналасады. Көлемі үлкен. Барлық лицензиялары болуы шарт. Конкурстық комиссия «Толағай-2050»-ді жеңімпаз деп тапты. «Аюсайдағы» плотинаны Интегра салады деп шешті. Өзгесін айта алмаймын. Бұдан кейінгі жұмыстардың  барлығы тоқтатылды. Өйткені тендерге қатысқан тағы бір компания сотқа берді. Қазір барлық мәселе сотта қаралып жатыр. Соттың шешімінен кейін нақты шешім қабылданатын болады.

«Қазселденқорғау» мекемесі нақты қай компанияның сотқа бергені туралы ешнәрсе айтпады. Алматы қаласы үшін маңызды плотиналардың құрылысының қашан басталатыны да әзірге белгісіз.

Автор: Ұлан Нарынбек

Хабар 24 телеарнасы