422.87 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Нұр-Сұлтанда екі мың тұрақ ақылы болады

  • 166
  • UPD: 08:56, 28.10.2020

Нұр-Сұлтан қаласында тесттік режимде істеп тұрған 5 мың көлікке шақталған автотұрақ енді ақылы болады. Қазір нақты қай күннен бастап тұрақ үшін теңге төлеу керек боларын қала әкімдігі қарап жатыр. Бұл кептелген көлік нөпірін азайтуға қаншалықты көмектеседі? 

Негізінде ел-жұрт төлеп жатыр. Соның өзінде жетпейді. Мүмкін жарты сағат тегін, әрі қарай ақылы қылу керек пе?

Елорданың қай тұрғынынан болмасын тұрақ туралы сұрақ қойсаң, өз ойын құрап беруге дайын. Себебі мәселе күрделеніп кеткен. Күндіз жұмыс жерінде, кешке үй маңында темір тұлпарыңды тастап кетер орын таппайсың. 

Михаил Дзюбан, қала тұрғыны:

- Жолдың екі жолағына дейін көліктерін қалдырып кете береді. Салдарынан одан бетер кептеліс болады. Жүргізушілерді де түсінеміз. Себебі орын жоқ. Айыппұл арқалап жататындар да бар. Соның бірі мен. Проблема ауқымды. Ал оны шешу жолы қандай екенін ешкім білмейді. 

«Парковочное пространство Астаны»  деген серіктестік бар. Қазір қаланың тұрақтарын ақылы жүйеге көшіріп жүрген ұйым. Олар елордада 487 ақылы паркинг бар екенін айтады. Одан 22 млн теңгеге жуық пайда түскен. Ал көліктерін дұрыс қоймаған 200 мыңға жуық жүргізушіні фото-видеоға түсіріп, ӘП-ға жіберу арқылы қала бюджетін тағы 500 млн теңгеге қампайтқан. Пайда көл-көсір. Сондықтан алда тағы 5 мың паркингті ақылы жүйеге енгізбек. 

Шыңғыс Досыбаев, «Парковочное пространство Астаны» ЖШС басшысы:

- Қазір біз Есіл, Алматы, Сарыарқа және Байқоңыр аудандарын 5 мың көлікке шақталған тұрақты ақылы жүйеге көшіруге дайынбыз. Бұл адам саны көбейіп келе жатқан қалаларға тән құбылыс. Себебі Астанада 1 мың адамға 250 паркинг орыннен келеді. Қазір 1 отбасында кемі 2 көлік бар. Бұл қалада үлкен кептеліс тудырады. Мәселені қазірден бастап реттемесе, ертең елорда көшелерінде үлкен көлік коллапсы орнауы мүмкін.  

Ақылы тұрақтың 1 сағаты 100 теңге. Ал кешкі 8-ден таңғы 8-ге дейін тұрақ тегін. Демалыс күндері ақысыз. Бірақ қала тұрғындарының көлікті дұрыс қоймауына салынған айыппұл көлемі жарты миллион теңгеге жеткен. Сондықтан ақылы тұрақты пайдалану мәдениеті әлі де қалыптаспаған сыңайлы. 

Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші: 

- Сөзге дәлел, біз қазір дәл сондай тұрақтың маңында тұрмыз. Бос орын жеткілікті, бірақ көлік  жүргізушілері тұлпарын жол жиегіне қалдыра бергенді жөн көреді. Бұдан бөлек, қазіргі үйлердің көбінде паркинг бар. Алайда көбі оған да қарызданғысы келе бермейтінге ұқсайды. Салдары міне, жолдағы ұзын-сонар кептеліс. Егер бізде көлікті тиісті орынға жөндеп қою мәдениеті қалыптаспаса, бұл проблема уақыт өте ушыға бермек. 

Дәуренбек Бағдәулетұлы,  Асхат Қарақойшиев, Ерлан Наурызбаев

Хабар 24 телеарнасы