425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Экологиялық төлемдер 100% табиғатты қорғау іс-шараларына жұмсалады

  • 161
  • UPD: 16:03, 28.10.2020
Экологиялық төлемдер 100% табиғатты қорғау іс-шараларына жұмсалады

Бүгін ҚР Парламент Мәжілісінде Экологиялық кодекс жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев депутаттарға тиісті құжатты таныстырды.

Жаңа кодекс қоршаған ортаның ахуалын жақсартуға бағытталған. Құжаттағы маңызды нормалардың бірі – «ластаушы төлейді» принципі.

«Мемлекет табиғат пайдаланушыларға экологиялық айыппұл төлеудің орнына қоршаған ортаға теріс әсерді болдырмау жөніндегі барлық шараларды қабылдау тиімдірек болатындай жағдай жасауы тиіс. Бұдан басқа экологиялық залал орын алған жағдайда табиғат пайдаланушы қоршаған ортаны бастапқыда болған қалпына келтіру міндетті», – деді Мағзұм Мырзағалиев баяндама барысында.

Сонымен бірге Мағзұм Мырзағалиев өндіріске ең озық қолжетімді технологияларды енгізудің арқасында еліміздегі экологиялых ахуал жақсаратынын атап өтті.

«Бірінші кезеңде мұнай-газ, тау-кен металлургиясы, химия және электр энергетикасы салаларына қатысты елу (50) ірі кәсіпорынды ең озық қолжетімді технологияларға ауыстыру жоспарланған. Айта кетерлік, осы елу (50) кәсіпорынға жалпы ластанудың сексен (80%) пайызы тиесілі», – деді министр.

Кодекстің жобасында бірінші санаттағы ірі кәсіпорындарға қатысты қоршаған ортаға әсерді бағалауды (ОВОС) жүргізу туралы талап қарастырылып отыр. Олардың тізбесі қайта қаралады және негізінен экологиялық қауіпті объектілерге баса назар аударылады.

«Сонымен қатар қоғам өкілдері қоршаған ортаға әсерді бағалаудың барлық кезеңдеріне қатысады. Міндетті түрде бірінші санаттағы объектілердің қоршаған ортаға әсері бағаланады. Ал екінші санаттағы объектілер скринингтен өтеді. Яғни қоршаған ортаға әсерді бағалауды жүргізу қажет немесе қажет емес екендігі анықталады. Үшінші санаттағы объектілер бойынша декларация қабылданады», - деді бұл туралы министр.

Кодекстегі тағы бір мәселе қазіргі уақытта қолданыстағы заңнама бойынша табиғатты қорғау іс-шараларына эмиссия үшін түскен төлемдерді мақсатты жұмсау міндеттелеген. Мысалы, соңғы жылдары жергілікті атқарушы органдар келіп түсетін қаражаттың тек қырық бес (45%) процентін ғана қоршаған ортаны қорғауға бөліп келген.

«Осыған байланысты заң жобасында жергілікті атқарушы органдар түсетін экологиялық төлемдердің есебінен жүз (100%) пайыз көлемінде табиғатты қорғау іс-шараларына қаржы бөлуге міндетті екендігі көрсетілген», – деп табиғатты қорғау іс-шараларына айтты Мағзұм Мырзағалиев.

Кодексте өндіріс және тұтыну қалдықтары мәселелерін шешу мақсатында қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы терминология мен ережелер халықаралық талаптарға сәйкес келтірілген. Жобада қалдықтармен кезең-кезеңімен жұмыс істеуге бағытталған иерархия қарастырылып отыр.

«Бұл ретте заңсыз қоқыс тастау мәселесін жүйелі түрде шешу үшін жаңа Экологиялық кодексте қоқыс шығаратын көліктерге GPS-датчиктерді міндетті түрде орнату мәселесі көзделген», – деді pаң жобасын таныстырған Экология министрі.

Заң жобасы екінші оқылымға дейін жетілдіріледі.

Хабар 24 телеарнасы