425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елордада алимент төлемей жүрген азаматтарды «Сергек» камералары анықтайды

  • 181
  • UPD: 18:53, 28.10.2020

Жеке сот орындаушылары тәртіп сақшыларымен бірлесіп, қалада бір ай бойы «Борышкер» акциясын өткізді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мамандар төлемнен қашып жүрген 30 адамды тапты. Қазір олардың автокөліктері арнайы айыппұл тұрағында тұр. Егер борышкерлер қарызын өтеуден бас тартса, олардың көліктері электронды сауда алаңына шығарылады. 

Мына кадрлар «Борышкер» акциясының барысында түсірілген. Балаларына алимент төлемей, сот орындаушыларынан қашып жүрген азаматтың көлігі тұрғын үйдің автотұрағынан табылды. Мамандар темір тұлпарды тексерістен өткізіп, айыппұл тұрағына жеткізді.

Бұл қымбат көлік 49 жастағы Иринаның бұрынғы күйеуіне тиесілі. Ол бір жылдан артық уақыт бойы өзінің туған баласына алимент төлемей жүр. Сөйте тұра, жақында 28 миллион теңгенің автокөлігін сатып алыпты.

Ирина, алимент өндіріп алушы:

– Былтыр қарашада сот процесі өтті. Содан бері баламның әкесі бізге бір тиын да төлеген жоқ. Мен заңгердің қызметіне жүгінуге мәжбүр болдым. Біз оның 28 миллион теңгенің көлігін сатып алғанын анықтадық. Ал оның ресми жалақысы – 80 мың теңге. Сот орындаушылары көлікті тәркілеп алды. Бірақ баламның әкесі сотқа беріп, көлігін қайтарып алмақшы. Біз оған жол бергіміз келмейді.

Елордалық алимент төлеушілердің қарызы 31 миллион теңгеден асып кетті. Осы «Борышкер» акциясының арқасында бірнеше адам төлемін өтеуге мәжбүр. Десе де әлі күнге дейін әкелік міндетін орындаудан жалтарып жүргендер жетерлік. Арасында жұмыссыз отырғандары да жоқ емес.

Мадина Жанасаева, өңірлік жеке сот орындаушылары палатасы басшысының орынбасары:

– Біздің тәжірибеде алимент төлемеген адамды қамауға алған жағдайлар бар. Бір күні борышкер изолятордан шыққаннан кейін бізге келіп, керісінше алғысын білдіріп, демалып қайтқан болатын. Сондықтан біз алимент төлеушінің жұмысы мен мүлкі болмаса, оларды Жұмыспен қамту орталығына жіберуге тырысамыз. Әкімдікпен меморандум жасадық. Олар біз жіберген азаматтарды жұмысқа орналастыруға көмектеседі. Ал жұмыстан бас тартқан борышкерлер әкімшілік немесе қылмыстық жауапқа тартылатын болады. Қажет болса, бұл адамдардың лицензияларын және жүргізуші куәлігінің жарамдылығын жоямыз. Тек қарызын өтегеннен кейін барып, бұл құжаттарын қайтадан пайдалана алады.

Тіпті алимент төлеуден жалтарып, шетелге қашқан борышкерлер де кездеседі. Еліміздің соты шығарған шешім күші тек ТМД мемлекеттерінің аумағында ғана жүреді. Егер борышкер Еуропа одағына кетсе, ол жақта біздің заңнама шарасыз. Ал алимент өндіруші Еуропалық сотқа жүгінуі тиіс.

Авторлары: Дариға Ташенова, Жандос Битабаров, Ерлан Наурызбаев

Хабар 24 телеарнасы