420.79 509.00 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Таразда заңсыз салынған кәсіпкерлік нысандар көбейіп кеткен

  • 248
  • UPD: 20:58, 28.10.2020

Тексеру нәтижесінде шаһарда тыйым салынған орындарда орналасқан 34 ғимарат анықталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бір қызығы, олардың құрылысына кезінде әкімдіктің өзі рұқсат беріпті. Кәсіпкерлер құжаттарын заңдастырып, Әділет департаментінен тіркеуден өткен. Алайда қалалық әкімдік өздері рұқсат берген нысандарды қазір алғыза алмай отыр. Бейберекет құрылыс салдарынан бизнес зардап шегіп, кәсіпкерлер шағымданып жатыр.

Заңсыз салынған ғимараттың бірнешеуі Қазыбек би мен Желтоқсан көшелерінің қиылысында тұр. Бұл нысандар тура адамдар жүріп-тұратын жолдың жиегіне салынып, бірнеше кәсіпкерлік нысанының алдын жауып қалған. Медициналық орталықтың иесі Дәния Кішкенебаева осының кесірінен кәсібім тұралап қалды деп шырылдайды.

Дәния Кішкенебаева, кәсіпкер:

– Бұл ғимаратты ешкім қолданып жатқан жоқ. Бос тұр. Ішінің барлығында кезбе адамдар жүр. Артқы жағының бәрі дәретхана. Қаланың ортасы. Бұл жер мүлде берілмеу керек еді басынан. Әкімдік дұрыс берілмеген деген шешім шығарады. Сонымен бір әкімде болдық, екінші әкімде болдық. Барлығы дұрыс дейді. Сонымен қалады.

Оңайшылықпен сүрілмейтін болған соң біраз кәсіпкер бизнесін тастап көшіп кеткен. Кәсіп иесі мәселені айтып бармаған жер, қақпаған есік қалмады деп отыр. Әкімдіктегілердің құрғақ уәдесін 9 жыл бойы естіп шаршадым дейді ол.

Дания Кішкенебаева, кәсіпкер:

– Ешкімнің бұған шамасы келмейді. Жоғарғы соттың шешімі бар. Облыстың шешімі бар. Үш әкімнің шешімі бар. Енді одан артық не керек?

Заңсыз деп танылған нысанның қожайыны телефонның арғы жағынан «Бәрін әкімдік біледі, сұхбат бермеймін» деп қысқа қайырды. Ал әкімдік өкілдері әлі соттасып жатқанға ұқсайды. 

Алмасбек Бөгеев, қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:

– Көпшілік пайдаланатын орынды заңсыз берілген деп тауып, қазіргі таңда қиылыстағы бір нысаны бұзылды. Қазір қалған екеуі бойынша қазір сот процесі жүруде. Сұрақ: Заңға қайшы болса, не себепті беріледі? Тексеретін бақылаушы орган жоқ па сонда? Тексеретін бақылаушы орган бар. Дегенмен алдымыздағы әріптестеріміз енді солай шешім қабылдаған ғой енді.

Бүгінгі күнге дейін арнайы мониторингтік топтың зерделеуімен шаһарда ірі деген 34 заңсыз салынған ғимарат анықталды. Мамандар олардың барлығының қала құрылысы регламентіне сәйкес келмейтіндігін дәлелдеген. Айтуларынша, дені тыйым салынған жерге тұрғызылған көрінеді. Қазір анықталған 34 деректің тек жетеуіне қатысты сүру туралы нақты шешім қабылданған.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы