424.49 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Сыр еңбеккерлері 551 мың тонна астық жинады

  • 160
  • UPD: 20:45, 28.10.2020
Сыр еңбеккерлері 551 мың тонна астық жинады

Сыр шаруалары күзгі жиын-терін науқанын аяқтап, ел қамбасына 551 мың тонна астық құйды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Су тапшылығын айқын сезінген еңбекші қауым егістікті ауыспалы әдіспен суарып, күйдіріп алмай орташа есеппен әр гектардан 61 центерден күріш жинады. Аймақ диқандары жалпы 184 мың гектарға дән сепсе, соның жартысына жуығы өңірдің басты дақылы – күріштің үлесінде. Күзгі жауын-шашынға қалдырмай, қырманды қызылға толтырған ауыл шаруашылығы саласының еңбеккерлері «Алтын дән» мерекесінде бас қосты. Онлайн форматтағы жиында үздік күрішші, сушы, механизаторлармен қатар түлік басын көбейткен шопан, түйеші, жылқышыларға құрмет көрсетілді. Жиында егіс көлемін ұлғайтып, әртараптандыру жобалары талқыланды. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты міндетке айналуы тиіс дейді сала мамандары.

Шахмардан Қойшыбаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

– 9 айдың қорытындысымен ауыл шаруашылығы саласының өндірісі 94,4 млрд теңге өнім өндіріліп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3,2% артып отыр. Салаға салынып отырған инвестиция 8,4 млрд теңге құрып, ауыл шаруашылығы саласына тартылып жатқан инвестиция 1,8 есеге өсіп отыр. Шаруалардың үлкен алдағы міндеті – азық-түлікпен қамтамасыз ету. Осы бағытта келелі шаралар қабылданатын болады.   

Орынбасар Төлеп, «Үздік шаруашылық» номинациясының иегері:

– Шынында биыл ауыр, қиын жыл болды. Бір жағынан індет болса, екінші жағынан судың тапшылығы бар. Аудандардың ішінде ең судың аяғында отырған – Қармақшы ауданы. 2920 га жерге күріш еккенбіз, 100 га бидай, 425 га жоңышқа ектік. Күріштен қазір 71,2 центнер өнім алып тұрмыз.

Хабар 24 телеарнасы