425.40 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтауда кинотеатрлар жеті ай карантиндік үзілістен соң қайта ашылды

  • 164
  • UPD: 22:38, 28.10.2020

Көпшілікке арналған орындардың жұмысы санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып, 26 қазанда басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кіреберісте келушілердің дене қызуы өлшеніп, бетперде тағуы сұралады. Кинозалдар әр сеанс сайын тазаланып, ауа заласыздандырылады. Аймақ тұрғындары көптен күткен күн қазақстандық жаңа кинокомедиямен ашылды.

Kinopark-Kinoplexx Theatres желісінің Ақтаудағы 3 кинозалы көрермен келуден бұрын мұқият тазаланады. Техникалық қызметкерлер әр орындықты микроб жойғыш ертіндімен өңдеп, зал ішіне кварц-шам жағып қояды. Әрқайсы 150 орындық нысан сыйымдылығы 30 проценттен аспайды. Адамдар арасында екі орын бос тұрады. Санитарлық талаптарды сақтаудың маңыздылығын көпшілікпен қатар кино түсірушілер де түсіністікпен қабылдаған.

Тимур Бақтыбаев, продюсер:

– Бұл тек қана Қазақстан ғана емес, бүкіл дүние жүзі бойынша мәселе боп тұр. Біз 7-8 ай бойы киномызды шығара алмадық. Қиындық әрине көрдік. Себебі нанымызды осы кино арқылы табамыз. Кинотеатрлар ашылса, бұл салада 7-10 мың адам жұмыс істейді. Оның ішінде кассирі бар, оператор, тағы да басқасы бар. Аллаға шүкір, қазір елімізде жайлап кинотеатрларымыз ашылып жатыр. 

Маңғыстаулықтар карантин уақытындағы үзілістен соң тамашалаған алғашқы отандық кинотуынды «Любовь на миллион» деп аталады. Картина режиссері – Олжас Ибраев, продюсері – Тимур Бақтыбаев. Басты рөлдерді Ернар Сақыпов, Жахан Отарғалиев, Дина Тасболатова және Гүлнар Селбаева сомдайды. Романтикалық комедияда жас буын бойында болуы тиіс жақсы қасиеттер насихатталады.

Ернар Сақыпов, актер:

– Адалдықтың, адал махаббаттың, жалпы ер адамдардың арасындағы достықтың тақырыбын ашады. Маған бәрі қызық болды, өйткені бірінші киноға түсіп жатқаннан кейін болар. Біз эмиоцияны көріп үйреніп қалғанбыз. Әзіліңді айттың оған күлді, соған үйренгенбіз. Ал камераның алдында басқаша екен.

Коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия шешімімен эпидемиологиялық жағдай тұрақты аймақтарда кинотеатрлардың жұмысы 26 қазаннан бастап қайта жанданғаны мәлім. Әзірге бұл мүмкіндік Ақтау, Атырау мен Алматы қаласына беріліп отыр.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы