425.49 509.00 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстанда халық көп тұтынатын азық-түлік бағасы тағы өсті

  • 162
  • UPD: 10:45, 29.10.2020

Азық-түлік бағасы тағы өсті. Тұтынушылар, әсіресе, күнбағыс майының  қымбаттағанын айтып шағымдануда, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тіпті құны 15%-ке дейін өскенін айтып, дабыл қағушылар бар. Бағаның бұлай шарықтауына не себеп?

Гүлжан Көленқызы, тілші:

- Алматыда халық көп тұтынатын азық-түлік бағалары өскен. Атап айтқанда, қант 28%-ке, шемішке майының бағасы 14,6%-ке артқан. Сондай-ақ қарақұмықтың да құны көтерілгені байқалады. Қымбатшылық халықтың қалтасына әжептәуір салмақ салып тұр.

Блиц 1:

- Киінуді қойдық қазір. Азық-түлікпен ғана өтетін болды өміріміз.

Блиц 2:

- Тамақтың да бағалары қымбаттап кетті. Әрине қиын, қиындап кетті қазір.

Блиц 2:

- Майдың өзі, қазір бес литр майыңыз 3 мың теңге болып жатыр. Кезінде сол майларды 1700-1800-ден алғанбыз.

Мамандар «азық-түліктің қымбаттауына шикізаттың аздығы себеп болып отыр», дейді. Мәселен биыл қант қызылшасының алқаптары азайған. Сондықтан ішкі нарықтағы шикізат тапшылығы тұтынушыға жететін дайын тауардың бағасын шарықтатып жіберуде. Елімізде бар шикізатты шетелдік компаниялар сатып алуда.

Еркебұлан Оразалин, қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы:

- Олар бір мезгілде көп көлемде сатып алуға дайын. Ол тек осы май өнімдерінде ғана емес, көп позицияда байқалынады. Мысалы көкөністерде де картоп Ресейде аз болғандықтан, бізге келіп біздің солтүстік аймақтардан олар көп өнімдерді сатып алып, әкетіп жатыр. Соған байланысты картоп биыл мысалы былтыр осындай кезде 85 теңгеден сатылған болса, қазір 100 теңгеге дейін өсті. Ол нарықтың заңдылықтары. Біз қала тарапынан Үкіметке арнайы хаттамаларды жіберген болатынбыз ұсыныстармен.

Қала билігі тарапынан бағаны тұрақтандыру үшін екі мың тонна қант сатып алынып, ірі супермаркеттерге төмен бағамен қойылған. Май шығаратын зауыттармен бағаны көтермеу туралы келісімдер де жасалған.

Еркебұлан Оразалин, қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы:

- Қатты өскен ол – қарақұмық. Қарақұмық жылдың басында бізде егер бір келісі 295 теңгеге сатылатын болса, қазір енді 364 теңгеге өскен болатын. Майдың бағасы бізде алдында 2700 теңге болатын, қазір 2850 теңгеге дейін өсті.

Бағаны тұрақтандыру шаралары қаладағы 2-3 супермаркеттегі бағаларды ұстап тұруға ғана мүмкіндік беруде. Ал, көтерме базарда азық-түлік бағасы тіпті қымбат. Шемішке майдың бес литрі 3 мың теңге, қанттың келісі 300, қарақұмық 400 теңгеден саудалануда.

Базар нарқы осындай. Халық азық-түлікті күн сайын құбылған бағамен сатып алуға мәжбүр.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов

Хабар 24 телеарнасы