423.81 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ШҚО-да өндірісте жарақат алу деректері азаймай тұр

  • 162
  • UPD: 11:10, 29.10.2020

Шығыс Қазақстан облысы өндірісте жарақат алу деректері бойынша ел бойынша екінші орында тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тек биылдың өзінде өңірдегі өнеркәсіп орындарында 120-дан астам жағдай тіркеліп, 19 адам мерт болды. «Жұмыс берушінің де, жұмысшының да қауіпсіздік талаптарына салғырт қарауы осындай жазатайым оқиғалар қатарын арттыруда», - дейді мамандар. Ендеше мұндай келеңсіздіктерді болдырмау үшін не істеу керек? Өндіріс орны кінәлі болса, оның иесі қандай жауапкершілікке тартылады.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Шығыс Қазақстан ауыр өнеркәсіпке толы өлкелердің бірі. Металлургиялық алпауыт зауыттар мен кішігірім кәсіпорын дейсіз бе, бәрі бар. Құрылыс жұмыстары да қарқынды. Тек осы қазан айында құрылыс алаңдарында 2 адам зардап шекті. Солардың бірі Айгүл Қасымова. Аяқ асты құлап, белін зақымдап, 1 ай бойы емделіп жүр. Енді еңбек инспекциясына келіп, ары қарай не істеу керегі туралы кеңес алуды жөн көрді.

Жарақат алған азаматтардың көпшілігі «жұмыс орнын жоғалтып алам» деп қорқып жүре береді. Немесе жұмыс берушілердің үгіттеуіне еріп, үндемей қоя салады. Бұл жауапсыздықтың етек алуына ықпал етеді. Тіпті жұмысшының өзі қауіпсіздік талаптарын сақтамай жарақаттанса да, оқиға барысы тексерілу керек. Нәтижесі көп былықтың бетін ашуы мүмкін.

Есбол Сеитов, ШҚО мемлекеттік Еңбек инспекторы:

- Тексеріс кезінде жұмыс беруші тараптың да қатысы қаралады. Осылайша, проценттік мөлшерде екі тараптың да айыбы анықталады. Сондықтан тек жұмысшы ғана бәріне кінәлі болып шықпай, өнеркәсіп басшылығының да қателіктері белгілі болады.

Ал қолында тексеріу актісі бар зардап шегуші әлеуметтік төлем талап етуге құқылы. Бірақ осындай тұстардан бейхабар жұмысшылардың көпшілігі өз хақыларынан қағылып жатады. Сөйте жүре, денсаулығына зиян келтірген жұмыс берушіні қалай қолдап жүргенін өзі де байқамай қалады. «Дегенмен, өнеркәсіпте алынған жарақатты жасырып қалу мүмкін емес», - дейді инспекторлар.Өндіріс орнынан ол туралы ақпарат келмеген күннің өзінде ауруханадан немесе полиция бөлімінен мәлімет түседі.

Данияр Өтемжаров, ШҚО мемлекеттік Еңбек инспекциясы басқармасының бөлім басшысы:

- Жиырмаға жуық мекемелердегі жазатайым оқиғалар 24 сағаттың ішінде Еңбек инспекциясына хабарланбаған. Оларды біз медициналық мекемелердің және полиция қызметкерлерінің жолдаған материалдар бойынша анықтап, сол бойынша Еңбек инспекторларымен осы мекемелерге қатысты әкімшілік іс қозғалып, 20-ға жуық мекемеге 2 миллион 700 мыңнан астам айыппұл салынды.

Жыл басынан бері облыста 300 кәсіпорын тексеріліпті. 20 миллион 500 мың теңгеге 150 айыпұл салынған. Дегенмен, негізгі мақсат – қайғылы оқиғаларды болдырмауың қамын жасау. Сондықтан карантин жағдайында онлайн режімде семинар өткізілуде.

Бақытбек Қизатов, ШҚО мемлекеттік Еңбек инспекциясы басқармасының басшысы:

- Көптеген жағдайда жұмыс істеген жердегі азаматтар тарапынан еңбек қаіпсіздігі шараларының бұзулуы болады. Ол неден болады? Ол жұмыскерлердің жұмысты қалай дұрыс істеу керегін білмеуінен немесе өндіріс шеберлері тарапынан тиісті бақылаудың жоқтығынан.

Жұмыс беруші тарап өз мекемесінде техникалық қауіпісіздікке салғырт қараса, түптің түбінде бұның соңы жақсылыққа әкелмейді. Жалпы жыл басынан алғанда облыста 122 қайғылы оқиға болып, одан 135 адам зардап шеккен.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов

Хабар 24 телеарнасы