425.59 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Kaspi.kz-ге кибершабуыл жасалды: шымкенттік хакер туралы хабарлама әзіл болып шықты

  • 166
  • UPD: 13:03, 29.10.2020
Kaspi.kz-ге кибершабуыл жасалды: шымкенттік хакер туралы хабарлама әзіл болып шықты Aqmola News

Мессенджерлерде Шымкентте Kaspi Bank-ке кибершабуыл жасаған және клиенттердің шоттарынан қомақты қаржы ұрлаған хакер ұсталды деген ақпарат таратылуда.

Бірақ мұндай жағдай орын алмаған. Бұл хабарламалар «ұсталған» адамның сәтсіз әзілі болып шықты, деп жазады stopfake.kz.

Қамауға алынған хакер туралы хабарламаға 2000 жылы туған Геннадий Цой деген азаматтың жеке куәлігінің фотосуреті мен картада қалған сома – 1 132 750 880,05 теңге көрсетілген Kaspi мобильді қосымшасының скриншоты тіркелген. Хабарламада «қаскүнемді» Еңбекші АІІБ қызметкерлері қамауға алғандығы, оның банкке кибершабуыл жасағанын мойындағаны және 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін екендігі айтылған.

Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл ақпаратты жоққа шығарды:

«Жоғарыда аталған факті бойынша Шымкент қалалық полиция департаментінің қызметкерлері дереу тексеру жүргізгенін хабарлаймыз. Нәтижесінде, ағымдағы жылдың 28 қазанында қала аумағында аталған банк пен оның клиенттеріне қатысты құқыққа қарсы әрекеттер жасалған жоқ. Бұл факті бойынша таратылып жатқан ақпарат шындыққа жанаспайды», – делінген ресми хабарламада.

Геннадий Цойдың айтуынша, хабарламаны оның өзі жазған. Ол Photoshop-тың көмегімен қомақты сомасы бар мобильді банкингтің скриншотын жасаған, оны достары мен туыстарының чатына жіберген.

– Мен қорқып кеттім. Жұмыста отырып, Photoshop-та (осындай фотосурет) жасадым. Оны аға-апаларымның, өз отбасымның чатына жібердім. Қалжыңдап, күлдік, сосын өшіріп тастадым. Кейін досыма жіберіп, ойнағым келді. Ол ешкімге жібермедім деп ант берді. Бүгін кешке маған қоңырау шалып, бәрін білеміз деп жаза бастады. Мен бәріне хабарластым (отбасылық чатта), оны кім жібергенін түсінбеймін», – деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, 28 қазанда Kaspi Bank жүйесінде техникалық ақау тіркелді. Әкімшілік хакерлік шабуыл туралы қауесетті жоққа шығарды. Жүйе сол күні қалпына келтірілді. 

Хабар 24 телеарнасы