424.49 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Туған жер» фестивалінің жеңімпаздары туралы фильм түсірілді

  • 145
  • UPD: 14:10, 29.10.2020
«Туған жер» фестивалінің жеңімпаздары туралы фильм түсірілді Freepik

Жақында мәресіне жеткен «Туған жер» патриоттық шығармашылық республикалық фестивалінің жеңімпазы атанған қызылордалық «Балауса» тобы туралы шағын фильм түсірілді.

Естеріңізге сала кетейік, Ұлттық дельфий комитеті, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Туған жер» патриоттық шығармашылық республикалық фестивалін өткізген болатын.

Аталмыш патриоттық фестивальге Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі 14 пен 29 жас аралығындағы жас авторлар бақ сынады. Соның ішінде, Қызылорда облысынан қатысқан өнерпаздар бәйгеде оза шауып, ерекше өнерімен көзге түсті. Атап айтар болсақ, «Орындаушылық шығармашылық» аталымында ым-ишара тілінде ән салудан «Балауса» тобы жеңімпаз атанды. Қызылорда қаласындағы №6 есту қабілеті бұзылған балалардың арнайы мектеп интернатының тәрбиеленушілерінен құралған топ туралы фестивальдің ұйымдастырушылары шағын фильм түсірді. Осылайша, Отанға деген махаббатты әрі өнер иелерінің шығармашылығын насихаттау мақсат тұтып отыр. Өмірде тіршіліктің дыбысын есту жазбаса да, жан дүниесі ерекше жаратылған жандар жайында баяндайтын деректі фильм көрерменінің жүрегіне жол тапты, деп хабарлайды ұйымның баспасөз қызметі.

Жобаға тоқталатын болсақ, оған қазақстандық авторлар, сондай-ақ патриоттық тақырыпқа авторлық туындыларды орындайтын шығармашылық ұжымдар «Орындаушылық шығармашылық» (вокал, аспапта ойнау, хореография) және «Көркем шығармашылық» (бейнелеу өнері, бейнеконтент, фотосурет) аталымдары бойынша қатысты.

«Әлемдегі эпиджағдайға байланысты фестиваль пішіні өзгергенімен, жоба нәтижесіне көңіліміз толды. Финалистер, одан соң жеңімпаздар анықталды. Қазіргі таңда 10 жас автордың шығармашылығын насихаттау бойынша жұмыс аяқталуға жақын. Біз жеңімпаз жас авторлар туралы 10 шағын фильм түсірдік», – деп атап өтті жоба авторы, Ұлттық дельфий комитетінің директоры Құралай Түспекова.

Бірінші айналымның жұмыстары желі қолданушылары өздеріне ұнаған қатысуға дауыс бере алатын жобаның әлеуметтік желілерінде жарияланды. Осылайша халықтық дауыс беру нәтижесі арқылы 80 финалист айқындалды.

Байқаудың ақтық сынында қазылар алқасының мүшелері 1, 2, 3-орын лауреаттарын анықтады, жеңімпаздарға Қазақстанды еліміздің ұлттық дельфий құрамасы құрамында Қазақстанның атынан қатысу құқығы беріледі.

Хабар 24 телеарнасы