425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қызылордада дәрі-дәрмекті заңсыз әрі қымбатқа сатқан алыпсатарлар ұсталды

  • 197
  • UPD: 15:24, 29.10.2020
Қызылордада дәрі-дәрмекті заңсыз әрі қымбатқа сатқан алыпсатарлар ұсталды

Қызылордада дәрілік заттарды қымбат бағада сатып келген алыпсатарлар ұсталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аймақ прокурорлары фармацевтикалық қызметтің рұқсатынсыз кәсіпкерлік құрылым ретінде тіркелмей дәрі-дәрмек саудалаған заңсыз дәріхана жұмысын анықтады. Құзырлы орган өкілдері нысанды тінту барысында антибиотиктің 517 түрінен 9500 дана дәрілік зат тапты. Оның ішінде коронавирус індетінің өршіген кезінде тұрғындардың қолы жетпеген препараттар да бар. Соттың қаулысымен арнайы лицензиясы жоқ дәріхана иесіне 223 мың теңге айыппұл салынды. Ал тәркіленген ірі көлемдегі емдік медикаменттер қоры өңірдегі медицина ұйымдарына таратылып берілді. Жалпы мобильді топ облыстағы 328 дәріхана жұмысын тексеріп, бағаны негізсіз қымбаттатқан 33 дәріхана егесі мен ел аумағында тіркелмеген препараттарды сатумен айналысқан бірнеше тұлғаны жауапқа тартты. 

Ғабит Ұзақбай, облыстық прокуратураның баспасөз хатшысы:

- Соттың қаулысы күшіне еніп, барлық дәрі-дәрмек заттары мемлекет пайдасына өндірілді. Жалпы Қызылорда облысы прокуратурасымен ұйымдастырылған мобильді топтың жұмысымен дәрінің 566 түрінен, 10 мың қорап дәрі тәркіленді. Және одан бөлек, 2,5 мың қорғаныш маскалары денсаулық сақтау ұйымдарына берілді.

Хабар 24 телеарнасы