425.59 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Нұр-Сұлтанда әскери есепке тіркелмеген жастар анықталды

  • 157
  • UPD: 18:44, 29.10.2020

Елордада әскерге шақырудың күзгі науқаны кезінде денсаулығы жарамды, бірақ әскери есепке тіркелмеген жас жігіттерді анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Отан алдындағы борышынан жалтарып жүргендер мен жалған құжат жасатқандар 3 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл төлеуге міндеттеледі.

Бір жыл ішінде бас шаһардан әскер қатарына 1600-дей азамат жіберілді. Солардың ішінде 500-ден астамы арнайы рейд кезінде анықталған өзге өңірлерден келген жастар. 

Ғани Артықов, қалалық қорғаныс істері жөніндегі департаменті баспасөз қызметінің бастығы:

- Жыл сайын күзгі және көктемгі әскерге шақыру науқаны кезінде қалалық полиция департаменті мен қорғаныс істері жөніндегі департамент қызметкерлері бірлесіп қалада рейдтер жүргізеді. Негізгі мақсатымыз қалаға келген жастарды, әскери есепке тұрмаған, қалада тұрғылықты мекен-жайға тіркелмеген азаматтарға заң талаптарын түсіндіріп, оларды тіркеп және мекен-жайлары бойынша тіркелуін талап етіп отырамыз

Түркістан облысының тумасы Ердос Пернебай «екі қолға бір күрек табамын» деп елордаға 3-4 ай бұрын келген. 20 жастағы жігіт тұрақты жұмыс таппай жүргенде тәртіп сақшыларына жолығып қалған. 

Ердос Пернебай, әскерге шақырылушы:

- Дәл қазір маған Талдықорғанға ДШБ бойынша қызмет атқаруға ұсынып отыр.

Мен негізі жолда полицияларға жолығып қалдым. Сол кісілер маған түсіндіріп айтты. Әскерге қызметке баруды ұсынды маған. Ол жаққа барып, сол жақта қызмет жасап, контрактіге отырып, сол бойынша дальше жұмыс істеп кетуге. 

Жалпы әскерге кеткендердің 25-30 проценті осындай рейд кезінде анықталған жастар. Мәселен, көктемгі шақыру кезінде әскерге жіберілген 800 жас сарбаздың 200-ден астамы бірлескен рейд кезінде анықталды. Ал рейд нәтижесі бойынша есепке алынған жігіттердің тек 60-65 проценті әскерге жарамды. 

Айта кеткен жөн, рейд желтоқсан айының соңына дейін жүргізіледі. Ал әскерге барудан жалтарғандар шамамен 8 млн теңгеге дейінгі көлемде айыппұл төлейді. Немесе 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылады. Тіпті 3 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Авторлар: Мирлан Алтынбек, Жандос Битабаров

Хабар 24 телеарнасы