Қызылорда-Павлодар-Успенка бағытындағы күре жолға жөндеу жұмыстары сапасыз жүргізілген.
Бұл туралы аталған учаскеге тексеріс жүргізген Қарағанды облысындағы сыбайлас жемқорлық қылмысына қарсы қызмет мамандары мәлімдеп отыр. Жолдың 12 шақырымына асфальт төсеу үшін қазынадан 430 миллион теңге қаржы бөлінген. Алайда жұмыс аяқталмай жатып, сыр берді. Екі шақырым жолда асфальт жарылып кеткен. Енді мердігер компания оны өз есебінен қалпына келтіруі тиіс.
Олжас Бурханов, «Сарыарқа - адалдық алаңы» жобалық кеңсесі басшысының орынбасары:
- 993-995-шақырымда жолдың ойылу деректері бар. Осы ақауларды мердігер компания 31 қазанға дейін жоюы тиіс. Егер де осы мерзімге дейін бұл ақаулар жойылмайтын болған жағдайда жолдың тапсырыс берушісі «Қазавтожол» бұл мердігермен келісім-шартты тоқтатады.