423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтөбеде апатты үйлердің тұрғындары Сапарбаевтың уәдесін еске алды

  • 188
  • UPD: 21:48, 29.10.2020

Ақтөбеде апатты үйлердің тұрғындары биылғы қыстан аман шығатындарына күмәнді. Әбден ескірген баспаналардың іргесі сөгіліп, шатыры тесілген. Әр жерде салбырап тұрған электр сымдары да жел соққан сайын қауіп төндіреді. Жұрт он жыл бойы жергілікті биліктен көмек сұрап келеді. Бірақ нәтиже жоқ. Қауіпті үйдің тұрғындарын өңірдегі тілшіміз тыңдап қайтты.

- Издалека осмотришь, дом у нас валится на одну сторону, даже когда мы делали акт в архитектурном они сказали если на крышу кто то залезет, дом может упасть. 

Алтын Асқарова Чкалин көшесіндегі осы үйде он жылдан бері тұрады. Содан бері бірнеше рет төтенше жағдайдың куәгері болған. Мәселен, мына бірінші қабатта болған өрттен кейін екі бірдей пәтердің иесі жалдамалы пәтер жағалап кеткен. Себебі жалын шарпыған бөлмелерді қайтадан қалыпқа келтіргенімен еденнің опырылып, шатыры ортасына түсу қаупі бар.  

Алтын Асқарова, қала тұрғыны:

- Мұнда балалар ойнаса, немерелеріміз ойнаса қолынан ұстап жүреміз. Үстіден тастар құлап жатыр. Мында менің көршілерім көшіп кетті. Екі кішкентай баласы бар. Мына апатты үйде екі баламнан айырылып қалармын деп, квартира жалдап кетті. 

Шаһардың Шанхай ауданындағы бұл аулада 5 бірдей көп пәтерлі баспана апатты деп танылған. Алды алпысыншы жылдары салынса, ең соңы өткен ғасырдың сексенінші жылдары құрамалы тақтайдан көтеріліпті. Сондықтан шырт еткен ұшқыннан лап ете қалуы мүмкін.  

Сәуле Ахметқалиева, қала тұрғыны:

- 2004-тен бері қарай тұрамын. Сол уақыттан бері қарай осындай жағдай. Ешқандай ыссы су жоқ бізде. Жаздай ыссы су жоқ бізде. Қыстың күні тек қана отоплениеден аламыз боолып жатқанда. канализация екібастан. Төбенің барлығы ағып жатыр. Айтуға, үйіңе қонақ шақыруға ұят.  

Пәтер иелері шенеуніктердің сертіне сенуден қалдық деп отыр. Себебі шенді-шекпенділер жыл сайын «апатты баспаналар сүріліп, жаңа үй беріледі» деп кететін көрінеді. Былтыр тұрғындарды тіпті Жаңақоныс ауылына апарып, болашақ құрылыс орнын да көрсеткен. Алайда бір жыл өткеніне қарамастан баспананың іргетасы да қаланбаған. 

Ерсайын Нұрқатов, қала тұрғыны:

- Уәде беріп әкімдер келеді, облыс әкімінен бастап Сапарбаев та келіп кетті. Бәрі де уәде берді. Осы ертең, бүрсігүні, бір жылдан кейін, жарты жылдан кейін біз сізді көшіреміз деп. Бірақ ол дым да жоқ. 

Қауіп-қатердің күнделікті қасында жүрген жандар шарасыздықтан налып отыр. Сондықтан биліктің кез-келген ұсынысына келісуге әзір. Тіпті ескі де болса бастысы қаперсіз ұйықтайтын, қауіпсіз үйді жақын арада тауып берсе дейді. Алайда апатты пәтер тұрғындарына кем дегенде бір жылға жуық күтуге тура келеді. Себебі қалалық тұрғын үй инспекциясы өкілдері жеке инвестияциясын салуға әзір құрылыс компаниясымен келісімге енді ғана келгендігін жеткізді. 

Ақнұр Қазбаева, қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Қазіргі таңда біздер жер учаскесінің құжаттары дайындалуда. Бүгін-ертең құжаттар дайын болады. Жердің құжаты шыққанан кейін әр үйдің квадратурасы болады ғой 1-2-3 бөлме деген сияқты, сол квадратурасына сәйкес қазіргі таңда үйдің жобасын жасап жатыр. Сол проектпен таныстырып, қайсы үйдің бірінші көшетіні туралы біз оларды қосымша мәлімдейміз. 

Үшжақты келісімге сәйкес құрылыс компаниясы тығырыққа тірелген отбасыларына баспана беруі тиіс. Ал көп қабатты үйдегі қалған пәтерлерді нарық құнына сәйкес саудаға шығарады. Жергілікті билік болса тиісті инженерлік желілерді тартып, жол салуды мойнына алған. Егер бұл жоспар сәтті жүзеге асса кезек қаладағы өзге де апатты үйлерге жетеді.

Айта кету керек, қазір Ақтөбеде қираудың алдында тұрған 22 көп қабатты баспана бар.

Авторлар: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков

Хабар 24 телеарнасы