424.49 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Атырау облысында қос жоба мердігер кесірінен аяқсыз қалды

  • 131
  • UPD: 21:51, 29.10.2020

Атырау облысына қарасты Мақат ауданында құны 135 миллиондық екі жоба мердігер мекеменің жауапсыздығынан аяқсыз қалды. 2017 жылы аудан орталығын абаттандыру мақсатында екі демалыс алаңын салу қолға алынған еді. 

Алайда төрт жыл бойы аяқталмаған құрылыс орнында қазір қаңыраған ғимараттар мен жартылай төселіп тозып кеткен тастар қалды. Жергілікті билік жауапсыз мердігер мекемені сотқа бермек.

Мақат ауданының айнасы саналатын Орталық алаң мен «Болашақ» демалыс аллеясының құрылысы бір кезде қарқынды жүрген. Қазынадан бөлінген қыруар қаражат игерілген құрылысты тапсырар кезде кілтипан шықты. Көрсетілген кемшіліктерді жөнге келтіру міндеттенген мердігер мекеме басшылығы мүлде хабарсыз кетіпті.

Гүлзада Салықова, аудандық мәслихат депутаты:

- Депутаттар корпусында да көтеріп, осы мәселені құзырлы органдар жеткізуге дейін бардық. Бірақ бүгінгі күнге дейін мәселе шешімін таба қойған жоқ. 2017 жылы осы құрылыстар басталарда мердігер мекеме басшыларымен біздің қоғамдық кеңес мүшелері кездесіп, құрылысты жүргізу жөнінде талқыға салған болатынбыз. Сол кезде олар уәдесін халықтың алдында берді.

Бірақ ол уәде желге ұшты. Істің аяғы сұйылып, құрылыс құрдымға кетіп тыныпты.

Арыстанбек Кенже, тілші:

- «Болашақ» алаңының өзіне жергілікті бюджеттен 54 млн теңге бөлінген. Мердігер мекеме оның 48 млнын игердім деп айтады екен. Алайда, көріп отырсыздар, игерілген нәрсенің өзі төсемтастары шашылып, құрылысы қараусыз қалған.

Жоба бойынша бұл арада жайқалған гүлзар, су бұрқағы және көгалмен көмкерілген ойын алаңы болуы тиіс еді. Алайда төрт жыл бойы аяқталмаған құрылыс орнындағы қаңыраған ғимараттар жауапсыздық пен салғырттықтың айғағындай алыстан менмұндалайды. Тендерді жеңіп алған тараздық «Масштаб Строй Групп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бөлінген ақшаның басым бөлігін игерген соң із-түзсіз жоғалыпты. Енді жергілікті бидік жауапсыз мердігерді сотқа бермек.

Қаржау Сағынбайұлы, аудандық құрылыс бөлімінің басшысы:

Қазір аудандық прокуратураның бастамасымен ішкі аудит мекемесіне жіберіп жатыр. Олар тексеріп анықтағаннан кейін бұл обьект қашан бітетіндігі қашан пайдалануға берілетіні сол кезде нақты айтылады. Мердігер мекеме ешқандай телефондарын көтермейді. Біздер оларға хат та жібердік. Сот орындаушылардың өздері де оларды табуда қиындық көріп келеді.  

Қазір қашқын серіктестіктің басшыларын құзырлы органдар іздестіріп жатыр. Ал ауданның қақ ортасындағы қос алаң қаңырап бос тұр.  

Авторлар: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев

Хабар 24 телеарнасы