423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елордада көмірге сұраныс төмендеген

  • 150
  • UPD: 22:27, 29.10.2020

Елордалықтарға газ беріледі. Тұрғындарды көгілдір отынмен қамту жұмыстары қараша айында басталады. Қала билігі жыл соңына дейін 8 мың үйді газға қосамыз деп сендіріп отыр. Қалғанын келесі жылы қамтиды. Газға қолы жетпеген тұрғындар көмір жағып, күнелте тұрады. Күздің келуімен қатты отын бағасы қымбаттап кеткен жоқ па? 

Бұл уақытта жұмысшылар тыным таппайтын. Мұрнынан шаншылып жүретін. Ал қазір жанталасып жатқандары жоқ. Қап толтырған бірлі-екілі адамды ғана байқадық.

Дастан Сейілханұлы, тілші:

- Отан жоқ деп, опынып жүргендерді көрмедік. Бұрынғыдай қарбалас байқалмайды. Жазды күні көмір алғандар көп болған екен. Ал қазір адам қарасы біраз сиресе керек. Сондықтан мамандар елордада қатты отын қат болмайды деп сендірді. Қоймадағы қос қыстан қысылмай шығуға жетеді дейді.

Қоймадағы қор «ас та төк». Былтырғыдай сұрыныс жоқ өйткені. Бәлкім бағасы қымбаттаған шығар дедік. Сөйтсек, көмір құны өзгермепті.

Ерлан Тәжікенов, көмір қоймасының меңгерушісі:

- Былтырдан емес, алдыңғы жылдан бастап осы баға болып тұр. Бағалар өскен жоқ. Қоймада көмір бар. Бірнеше түрі бар. Бірнеше сорты бар.

Бағасы сақталған болса, сұраныс неге төмендеп кеткен?! Мұндағылар «бұқарада бұрынғыдай ақша жоқ» деген пайым айтты.

Ерлан Тәжікенов, көмір қоймасының меңгерушісі:

- Адамдардың көбі жұмыстарынан айырылды. Көбінің ақшалары жетіспейді. Сосын сентябрь айынан бастап балаларды мектепке жинау керек. Менің ойымша солай шығар енді. 

Рас, бұл індет тұтыс елді титықтатып қойды. Былтырғыдай көмір өндірмедік. Қыркүйекке дейін 78 мың тонна қатты отын шығарыппыз. Соның өзі өтпей жатыр емес пе?

Елордада сұраныстың төмендеуін - мамандар газдың келуімен байланыстырып отыр. Биыл 8 мың үйге көгілдір отын беріледі екен.

Мақсат Есмағұлов, қалалық отын-энергетикалық ресурстар бөлімінің басшысы:

- Биылғы жылы «Железнодорожный», «Промышленный», «Көктал-1»  және «Көктал-2» тұрғын алаптары бойынша газ беруді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар «Агрогородок» тұрғын алабының кішкене бөлігі тағы да сол газбен қамтылатын болады. 

Қалада ұзын-ырғасы 20 мың үйді газға қосу көзделген. Ол жұмыстар келесі жылы жалғасады. Ал көмір қалада тапшы болмайды. Мамандар бағасын да өсірмейміз деп сендірді.

Авторлар: Дастан Сейілханұлы, Ерзат Зайытхан

Хабар 24 телеарнасы