423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

15 мыңнан астам мүгедектігі бар азаматқа жұмыспен қамтуды қолдау шаралары көрсетілді

  • 117
  • UPD: 09:53, 30.10.2020
15 мыңнан астам мүгедектігі бар азаматқа жұмыспен қамтуды қолдау шаралары көрсетілді

Ағымдағы жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша жұмыспен қамтуды қолдау шаралары 15,4 мың мүгедектігі бар адамға көрсетілді.

Оның ішінде Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрі – «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы) бойынша 11,4 мыңнан астам адам, ал Жұмыспен қамтудың 2020 жылға арналған жол картасы (бұдан әрі – ЖҚЖК) шеңберінде 2,2 мың адам қолдау алды.

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына 11,4 мың мүгедектігі бар адам қатысты, оның 4 мыңы тұрақты жұмыс орындарына, 6 мыңнан астамы уақытша жұмыстарға орналастырылды. 448 азамат қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен қамтылды. 284 адам микрокредиттер алды және 700 адам мемлекеттік гранттар алды. Сондай-ақ «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік қызмет негіздеріне оқытуға 504 адам жіберілді.

Тағы 2,2 мыңға жуық мүгедектігі бар адам Жұмыспен қамтудың жол картасының жобаларына жұмысқа орналастырылды.

«ЖҚЖК аясында жүзеге асырылып жатқан жобалар әлеуметтік-мәдени нысандар мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын жөндеу мен қайта жаңартуды, инженерлік-көлік инфрақұрылымын салуды және елді мекендерді абаттандыруды көздейді. Мұндай жұмыстарға мүгедектігі бар адамдар медициналық қорытындыларға сәйкес жіберіледі», – деді ҚР Еңбекмині Халықты жұмыспен қамту департаментінің еңбек нарығын дамыту басқармасының басшысы Бақыт Қашырбеков.

Бұдан басқа «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңға сәйкес жергілікті атқарушы органдар ауыр жұмыстарды, еңбек жағдайлары зиянды, қауіпті жұмыстардағы жұмыс орындарын есептемегенде жұмыс орындары санының екіден төрт пайызға дейінгі мөлшерінде мүгедектігі бар адамдар үшін жұмыс орындарына квота белгілеуді қамтамасыз етеді. Квота шеңберінде 2017 жылдан бастап осы жылға дейін 13,6 мың мүгедектігі бар адам жұмысқа орналастырылды, оның ішінде 1,8 мыңы 2020 жылдың 2-тоқсанының қорытындысы бойынша жұмысқа тұрды.

«2018 жылдан бастап халықаралық тәжірибе негізінде мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орнын жабдықтауға жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау енгізілді. Биыл көру, есту және тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедектер үшін 31 арнайы жұмыс орнын құру жоспарлануда», – деп толықтырды Бақыт Қашырбеков.

Хабар 24 телеарнасы