423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жас суретші сарғайған жапырақтармен әл-Фарабидің портретін салды

  • 171
  • UPD: 14:51, 31.10.2020

Алматылық жас суретші Джохар Юнусов тағы бір ерекше портретімен жұртты таңырқатты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жолы ол ұлы ойшыл Әбу-Насыр әл-Фарабидің бейнесін жапырақпен жасап шықты. Портреттің көлемі тұтас футбол алаңын алып жатыр.

Ұлан Нарынбек, тілші:

- Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің футбол алаңындағы сурет осындай болып шықты. Сары жапырақ жасыл шөпте өте әдемі көрінеді. Біздің түсіру тобы келген уақытта сәлденің сұлбасы ғана байқалып тұрған еді. 

Джохар көбіне үйеңкі ағашының жапырақтарын пайдаланды. Себебі түсі қанық, пішіні үлкен және аз маз салмағы бар. Портрет модульді технология әдісімен жасалды.

Джохар Юнусов, суретші:

- Стадионды эскиз бойынша модульға бөліп, соны көшіріп жатырмыз. Осылай жұмыс істеген қолайлы. Ең қиын портрет. Өйткені жапырақтардан салғандықтан, жел соғады. Кішкене жапырақтар ұшады. Бүкіл портреттің көлемі 1600 шаршы метр. Ал төселіп жатқан жапырақтардың квадратурасы 1200.

Жалпы портретті салуға бір күн уақыт кетті. Кеше әбден қараңғы түскенде  аяқтағандықтан, биіктен камераға түсіріп те үлгере алмады. «Түнде боран соқпаса екен деп тілеп шықтық», - дейді олар. Абырой болғанда, еңбек еш кетпеді. Жалпы портретті жасауға екі көлік жапырақ жұмсалды. Оларды қаладағы саябақтардан ұлттық университеттің қызметкерлері жинап берген. Ал жұмыс тез біту үшін оқу орнының студенттері, Джохардың достары мен әлеуметтік желідегі оқырмандары көмектескен.

Нұрболат Аманқұл, досы, суретші:

- Идеясы қызық болғаннан кейін көмектесуге келдік осы Джохар досымызға. Жетінші сыныптан бері бірге оқып келе жатырмыз, колледжде де. Ауа райы да керемет болып, бізге көмектесіп жатыр.

Суретші бұл еңбегін ғұлама ғалым әл-Фарабидің 1150 жылдығына арнағанын айтады. Бұл Джохардың алғашқы жұмысы емес. Бұған дейін ол сумен Абай Құнанбайұылының және шаң басқан әйнекке Димаштың портретін салған еді.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Кенже Амраев

Хабар 24 телеарнасы