422.87 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ШҚО-дағы Тасбұлақ ауылының түйткілді мәселелері қашан шешіледі?

  • 139
  • UPD: 01:46, 31.10.2020

Шығыс Қазақстан облысы Тасбұлақ ауылының тұрғындарын да бірнеше өзекті мәселе мазалап отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Үржар ауданына қарасты елді мекенде 400-ге жуық тұрғын бар. Негізінен мал өсіріп, егін салады. Жұртты ең қинап отырғаны – жол азабы.

Қыста тұрғындардың көлігі қарға батып, ауылға жету мұңға айналады. Елдегі карантиндік шектеулер басталғалы мұндағы интернет жылдамдығының нашарлығынан онлайн оқулардың олқылығы да көріне бастаған.

Түйткілдердің түйіні қашан тарқайды?

Болат Көкенайұлы, тілші:

- Қыс түссе, тасбұлақтықтардан маза қашады. Таскескен – Бақты тас жолынан ауылға дейінгі 18 шақырымды қар алып, тұрғындар жолда қалады. Тіпті шанамен қатынауға тура келеді екен. Бұл туралы осы жылдың басындағы репортаждарымызда айтқанбыз. Әсіресе, Айғайкезең деген асуда боран қатты соғады.

Серікжан Темешов, Тасбұлақ ауылының тұрғыны:

- Мына жолдың жоқтығынан ауылымыздың көбі тұрғылықты көшіп кетті. Ең бірінші мәселе осы. 25 жыл дегенде сіздердің тікелей кірісуіңізбен жол 3 наурыз күні ашылды. Оның өзі 25 жылдан кейін, өмірі болмаған мұндай жағдай. Мына біз тұрған жерде жолаушыларға арналған үй салынады деген. Өйткені мына жерде боран көп соғып тұрады да, жолды алып қалады. Жолаушылар паналайтын үй болу керек, пешін, жататын орындарын бәрін саламыз деген. Ол сол беті айтқан сөз қалды.

Тағы бір мәселе. Ресми құжаттар бойынша ауылда ұялы байланыс та, интернет те бар. Дегенмен, жылдамдығы көңіл көншітпейді. Оқушылар мен студенттер қазір онлайн сабақтарға қатыспақ түгілі, ғаламтордан керек дүниесін тауып, сапалы білім ала алмай отыр.

Ербол Есеншалтегі, Тасбұлақ ауылының тұрғыны:

- Бір нәрсені шешу үшін ауданға ұшасың, бәлембай шақырым. Бір бет қағаз үшін ауданға сабыласың. Ал қазір интернет жақсы болса, үйде отырып-ақ сол интернетпен шеше салатын мәселе, сол интернетті дамытып берсе. Оқушыларымыз жүр, ана жерге бір секіріп, мына жерге бір секіріп. Түк те дамыған түгі жоқ, Wi-Fi нашар ұстап жатыр, студенттер оқып жатыр деп айта алмаймын мен қазір. Мынаумен өйткені бір нәрсені көру үшін жарты сағат отырасың, ананы толтыру үшін. Мынау 2G-ге де жетпейтін сияқты.

Жергілікті ауыл әкімі Ербол Тоқмойыловтың айтуынша, интернет мәселесі жақын арада шешімін табады. Бұл сұрақ қатаң бақылауда тұрған көрінеді.

Ербол Тоқмойылов, Салқынбел ауылдық округінің әкімі:

- Екі ауылымыз Сегізбай және Қарабұйрат +250 деген бағдарламаға кірді, Үкіметтің бағдарламасы. Олармен хабарласып отырмыз. Жылдың аяғына дейін біз Сегізбай ауылына 4G қосылып тұрған KCell-дің сигналын көбейтеміз, ал Қарабұйрат ауылында жаңадан станция саламыз.

Ал жолды қыс кезінде қардан тазалап, жолаушыларға жағдай жасау үшін аудандық әкімдік арнайы қаржы бөліпті. «Алдағы қыста бұл түйткілдің де түйіні тарқайды», деп сендіреді жауапты мамандар.

Бейбіт Ахметов, Үржар ауданы ТКШ, АЖ және ЖК бөлімі басшысының м. а.:

- Тасбұлақ ауылының 18 шақырым жолына Айғайкезеңге бір арнайы модульдік, адамдарға арналған жылынып, қыста отыратын орын қоюды жоспарлап отырмыз. Бұйырса, ол дайындалып жатыр қазіргі күнге. Сонымен қатар мердігерлермен сөйлестік, енді қаражат бәрі жоспарланып отыр. Қарды толық тазалауға конкурс өткізілгеннен кейін мердігерлер анықталып, сол мердігер жол тазалауға кіріседі.

Соңғы 30 жылдың ішінде Тасбұлақ ауылының халқы 10 есеге азайып кетіпті. «Егер әлеуметтік мәселелер шешімін тауып, жағдай түзелсе, ел қайта келіп қонар еді», - деп есептейді тұрғындар.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Берік Жобалайұлы

 

 

 

Хабар 24 телеарнасы