425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Шымкенттегі шағынаудан тұрғындары 10 жылдан бері жол азабын тартып келеді

  • 131
  • UPD: 02:06, 31.10.2020

Шымкенттегі «Самал-1» шағынауданының тұрғындары да 10 жылдан бері жол азабын тартып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қаланың қақ ортасында тұрса да Нариман Тайманов көшесінде тұратын жұрт жергілікті биліктен күдер үзген. Себебі бір кездері тұрғындар өз қаражаттарына салған асфальт жолды «инфрақұрылым тартылады» деген сылтаумен қала әкімдігінен келген мамандар бұзып тастапты. Қайта орнына жол салып бере ме деп күткен жұртшылық «үмітіміз ақталмады» дейді. Қазір мұндағылар амалының жоқтығынан тастақ жолмен қатынайды. Ал көктем мен қыста қар мен жаңбырдың суы сел болып үйге ағады. 

Нұрбек Байбосын, тілші:

- Бір қызығы, осы «Самал-1» шағын ауданындағы көршілес көшелерге асфальт жолдар әлдеқашан төселінген. Тек Нариман Тайманов көшесі назардан тыс қалыпты. Тұрғындар жолдарының қашан жөнделетінін білмейді. Талай рет қала әкімдігі мен сондағы жолға жауапты басқармаға шағымданған. Қолында билігі барлардың жауабы әдеттегідей, яғни қаражат тапшы  немесе келер жылы міндетті түрде жол салынады.

Әбсаттар Душанов, қала тұрғыны:

- Мына біздің көшеміз екі орталықтың ортасында. Мына жағында АДЦ, мына жағында ескі орталық, мынау тұр Қазиев. Мына жақта бұл көше бөлініп кеткен Тайманов. Анау арғы жағының барлығын асфальттапты. Мына жердегі 500 метр көшеміз қалып кетті. Бізге келіп, жай ғана асфальт төсеп берсінші, үлкен рахмет айтамыз.

Тайманов көшесінің тұрғындары бір кездері асар әдісімен өздері қаржы жинап жолға асфальт төсеген. Тек жергілікті билік «инфрақұрылым жүйелерін ауыстарымыз» деп оның дымын қалдырмапты. Ал енді көктем мен күздің жаңбырында, сондай-ақ қыстың жылымығында көше суға толатын көрінеді. «Аяқ алып жүру мүмкін емес», - дейді тұрғындар.

Гүлжахан Қожамұратова, қала тұрғыны:

- Мен өзім мектепте мұғаліммін. Сол мектепке баратын кезімде екінші аяқ киімді киіп, анау көшенің жағасына тастап кетемін. Себебі мына жер батпақ, жүре алмайсың. Ал енді біз қаланың ортасында тұрамыз деп қалай айтамыз? Бірнеше рет істеп жатады кейбір көшені. Ал біздің осы кішкентай көшеміздің істелмей қалып кеткені бізді өте қынжылтады.

Көшенің бір бөлігі әл-Фараби ауданына қараса, ал бір басы Абай ауданына тиесілі. Халықпен сұхбаттасып тұрғанымызда «тілшілер келді» дегенді естіген Абай ауданы әкімдігінің атқамінерлері халық арасынан табылды. Тұрғындар мәселесін тікелей әкімге жеткізді.

Бұхарбай Парманов, Абай ауданының әкімі:

- Тайманов көшесі негізінен 1,5 шақырымнан құралған жол. Бүгінгі күні 300-500 метрдей жолы қалып отыр. Бұл жерде «Самалда» инфрақұрылымдар жүрді, себебі жаңа мөлтек аудан. Енді қазір 2021 жылға осы жерде қалған 5 көше бар. Осы 5 көшеге 187 млн теңгеге жобалық-сметалық құжаттары жасалынды. Соның ішінде Тайманов көшесі бар. Қазір мұны тұрғындармен сөйлескенде айттым. 2021 жылдың I тоқсанында Тайманов көшесін асфальттап, жөндеп береміз. Аяқ жолдарын, су ағарларын жасап береміз.

Шымшаһардың жолдарына жауапты негізінен аудандық әкімдік емес. Әкімдік тек тиісті басқармаға ұсыныс береді. Ал қаржысын бөлдіріп, мердігерге табыстайтын қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы болғандықтан, сала мамандарын тыңдауды да ұйғардық. Басқарманың бөлім басшысы Қайрат Баймендиевтің айтуынша, жоба жасалынып, оған 12,2 шақырымды құрайтын 26 көше кірген. Соның ішінде Нариман Тайманов көшесі де бар. Оған бөлінген қыруар қаражат әлі толық игерілмеген көрінеді.

Қайрат Баймендиев, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы:

- 1 млрд 200 миллионның 1 миллиарды бөлініп, игерілді. Енді қалғаны 200 млн. Сол 200 млн-ның ішінде бізде Тайманов көшесінің бір бөлігі бар. Ол көшенің жоба бойынша Қазиевтен төменге қарай бөлігі қаралған. Сосын Қазиевтің оң жағы, жоғары жағы. Құдай қаласа, қаржы бөлінсе, келесі жылы істейміз.

Шағын аудан халқы келер жылды да күтуге әзір. «Тек жолға жауаптылар тағы да құрғақ уәдемен алдап кетпесе жарар еді», - дейді.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов

Хабар 24 телеарнасы