422.87 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Кәсібін кеңейткісі келген фермерлер 3 млрд теңгеге дейін несие ала алады

  • 186
  • UPD: 01:49, 31.10.2020

Еліміз фермерлердің несиесіне кепіл болады. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры жаңа механизмді іске қосты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кепілге зат қою жолдары да жеңілдеді. Шаруасын енді бастаған және кәсібін кеңейткісі келген де осы тәсіл арқылы банктен 3 миллиард теңгеге дейін несие ала алады.

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры фермерлер несиесін кепілдендіру механизмін қыркүйек айында іске қосты. Алғаш болып мұндай мүмкіндікті батысқазақстандық Сергей Горовой иеленді. Ол Қазталов ауданы Талдыапан ауылында 5 мың басқа арналған мал бордақылау алаңын салып, шаруасын ширата бастаған. Бірақ жалпы құны 1 миллиард 300 миллион теңгеге жететін жобаға кепіл мүлкі жетпей, ісі тоқтап қалды. Көмекке тек мемлекет келгенде ғана шаруаның шеті көрінді.

Сергей Горовой, серіктестік директоры:

- Екінші деңгейлі банк бізге несие берерде кепіл сұрады. Өтінім берген қаржымызға сай мүлкіміз жетпеді. Ал біз 5 мың бас мал мен жем-шөп сатып алуымыз қажет болды. Ет бағытында жұмыс істегіміз келді. Сосын мемлекет банк алдындағы қарызымызға кепіл болуға келісті. Тамызда құжат жинап бастап, қыркүйекте қаржының алғашқы бөлігін алдық.

Бұл механизм бойынша қаржыны екінші деңгейлі банк береді. Ал ауыл шаруашылығын қолдау қоры сол қарыздың 50%-іне, ал басым бағыттар толық іске қосылғанша 85%-іне кепіл болады. Яғни, тәуекелді өз мойнына алады.

Еліміз мұндай қадамға агроөнеркәсіп кешенін қолдау мақсатында барып отыр. Себебі, соңғы уақытта банктер тарапынан саланы несиелендіру көлемі азайған. 2014 жылы бұл көрсеткіш 431 млрд теңге болса, былтыр бар болғаны 89 млрд теңгенің жобалары қаржыландырылған. 

Маханбет Тұрмаханов, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» АҚ кепілдендіру департаменті директорының орынбасары:

- Жаңа механизмді іске асыру мақсатында мемлекет тарапынан жылда бюджет бөлінеді. 2020 жылға 10 млрд теңге бөлінген. Бұл дегеніміз, ауыл шаруашылығына 64 млрд теңгеге дейінгі несиелерді кепілдендіруге мүмкіндік береді.

Бұған дейін ауыл еңбеккерлерінің көбі несие аларда, кепілге қояр мүлкі болмай, қаржылай қолдауға иек арта алмай келді. Себебі, ауылдағы ағайында бағалы дүние-мүліктің болуы сирек жағдай. Сондықтан мәселе жоғары деңгейде шешімін тапты. Президент Үкіметке фермерлердің жайын ескеруді тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Шағын және орта бизнесті қолдау шараларына келсек, ұсыныстардың басым бөлігі қолдау тапты. Оның ішінде мемлекеттік қолдауға ие басымдық берілген кәсіпкерлік қызмет түрлерін көбейту, несие мөлшерлемесін төмендету және мемлекеттік кепілдік көлемін ұлғайту сынды бастамалар бар.

Жаңа механизм бойынша әзірге тек 1 ғана жоба қаржыландырылды. Ол – батысқазақстандық шаруаның мал бордақылау алаңы. Қазіргі таңда жобасын сәтті бастап, ел нарығын етпен қамтуға кірісіп кетті. «Бұдан бөлек, тағы 3 жоба қарастырылып жатыр», - деді қор өкілдері.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Жандос Битабаров, Талғат Серікқалиұлы

Хабар 24 телеарнасы