422.87 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қостанай облысында кәсіпкерлерді қолдау үшін 100 млн теңге бөлінді

  • 144
  • UPD: 00:25, 31.10.2020

Қостанай облысында кәсіпкерлікке ден қойғандар көбейген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бір ғана «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы бойынша тоғыз айдың ішінде өңірде 310 жоба қаржылай қолдауға ие болды.

Салыстырмалы түрде айтсақ, былтырғыдан жүз жобаға көп. Мемлекеттің көмек-қолдауы арқасында жеке ісін ашқан бірқатар бизнес өкілдерінің қазіргі жағдайын біздің тілшіміз біліп қайтты.

Мағауия Қалиев, тілші:

- Түрлі тәттілер пісіруге жастайынан әуес Зәуреш Байтурина «Бастау бизнес» курсынан өтіп, қолындағы аз-мұз ақшасын өндіріске салды. Бір жыл бұрын бастаған ісі бүгінде өз жемісін бере бастады. Қазіргі кезде Зәурештің шағын цехы кондитерлік өнімдердің 30-дан астам түрін шығарады.

Зәуреш Байтурина, кәсіпкер:

- Қазір біз наубайхананың бір бөлігін жалға алып отырмыз. Алдағы уақытта жеке ғимарат сатып алу ойымызда бар. Яғни өндірісті әлі де кеңейте түссек дейміз.

Екінші кейіпкеріміз – кәсіби тіс дәрігері. Біраз жыл емханаларда жұмыс істеген. Ол да кәсіпкерліктің алғашқы әліпбиін «Бизнесте бастау» курсында меңгеріп, жеке стоматологиялық кабинет ашты.Бүгінде алты адамды жұмыспен қамтып отыр.

Зайра Досанова, кәсіпкер:

- Алдағы жоспарымыз ауқымды. Талапты жас дәрігерлерді жұмысқа алып, бірнеше медициналық қызмет түрін көрсететін клиника ашуды мақсат етіп отырмыз.  

Әрине, кәсіпкерлікті бастағандардың бәрі бірдей аяғына қаз тұрып кетті деуге болмас. Бірақ мемлекет тарапынан жасалып жатқан көмек-қолдау оларға үлкен демеу. Сондықтан болар қазір жеке ісін ашуға ынталы адамдар көп.

Жасұлан Қаленов, Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының  бөлім басшысы:

- «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасына биыл 4 миллиардтан астам қаражат бөлінді. Соның ішінде 1 қазанға дейін қарағанда, бізде 310 жоба мақұлданды. Оның өсуі 64,5% болып тұр.

Алдағы қараша айында «Бизнестің жол картасы-2025» аясында қайтарымсыз грант иегерлерін анықтаудың екінші байқауы өтеді. Оған қосымша 100 миллион теңге бөлініп отыр.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг

Хабар 24 телеарнасы