420,67 511.30 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтөбелік учаске инспекторлары тұрғындармен тығыз байланысты арттыра түсті

  • 295
  • UPD: 11:33, 31.10.2020

Ақтөбелік полиция инспекторлары тұрғындармен тығыз байланысты одан әрі арттыра бастады. Арадағы қарым-қатынас жуырда тағы бір бастамамен жалғасын таппақ. Нәтижесінде әрбір адамның тәртіп сақшысымен онлайн түрде де хабарласуына мүмкіндік туады. Мұндай жұмыс ішкі істер қызметкерлері мен қарапайым азаматтарды мейлінше жақындату талабынан туған. Ал жыл басынан бері өңірдегі учаскелік инспекторлардың көмегімен жүздеген қылмыс түрі ізі суымай ашылды.   

Жәнібек Шагировтің қатардағы учаске инспекторы болып қызмет атқарғанына екі жыл болса да жұмыстың қыр-сырын әбден меңгерген. Әріптестерімен бірге қаладағы 8-мөлтек ауданының тәртібі мен тыныштығын қамтуды жауапкершілікпен атқарып келеді. Еңбек жолын бастағалы 15 қылмысты ашқан. Бұл ретте әкімшілік аумақтағы тұрғындардың да көмегі болғанын айтады. 

Жәнібек Шагиров, учаскелік полиция инспекторы:

- Барлық тұрғындармен жақсы қарым-қатынастамыз. Кез келген сұрақпен хабарласып отырады. Тіпті кейде кеңес сұрайды. Ешқайсысын назардан тыс қалдырған емеспіз. Қызмет ететін аумағымда тәртіп, тыныштық болуы үшін ерінбей еңбек ету керектігін жақсы түсінемін. Әріптестеріммен бірге тіркелген заңсыздыққа тез әрекет етіп, тиісті жұмыстарды атқарамын.

Бұл шағын ауданның тұрғындары да өз инспекторларын әлдеқашан танып алған. Әрі тек жұмыс телефондары ғана емес, жеке номерлері де өздерінде жазулы. Тәуліктің кез келген уақытында хабарласуларына мүмкіндіктері бар.

Кристина Байдулина, қала тұрғыны:

- Инспекторымызбен байланысымыз жақсы. Кейде ауланы аралап жүретін кездері болады. Ал хабарласа қалсақ, қашан да көмектесуге дайын. Кейде түн мезгілінде шу шығаратын кейбір көршілеріміз болады. Ондай кезде шұғал әрекет етеді.

Облыстық полиция департаменті басшылығы өкілдерінің айтуынша, учаскелік инспекторлар мен бұқара халықтың байланысын арттыру ел Президентінің тапсырмасынан туындаған міндет. Қазір осы іске орай ішкі істер министрлігі ауқымды жұмысты қолға алған. Ал жүктелген міндетті сапалы атқару үшін ақтөбелік инспекторлар енді таяу уақытта онлайн түрде де қызмет етуге кіріседі. Ол үшін тәртіп сақшысы алдын ала таспаға түсіріліп, кейін әлеуметтік желіге салынады. Онда қызметкердің жеке басына қатысты мәлімет пен байланыс телефондары да болады.

Ардана Саймағамбетов, ЖПҚ басқарма бастығы:

- Видеовизитка онлайн түрде. Учаскелік инспекторлардың барлығы қазіргі чатқа қосылып, жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыс жыл соңына дейін аяқталады. Қазіргі таңда бұл видеовизитка бойынша жартысы учаскелік полиция инспекторлардың жазылып болды. Сонымен қатар әрбір учаскелік полиция инспекторы өзінің қамтамасыз ететін аумағында чаттарға халықпен бірге қосылған.

Бүгінде облыста 300-ден астам учаске инспекторы болса, оның 126-сы Ақтөбеде қызмет етеді. Барлығы да қажетті көлік және байланыс құралдарымен қамтылған. Ал олардың көмегімен жыл басынан бері 740-қа жуық қылмыстың беті ізі суымай ашылыпты.

Авторлар: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы