425.49 509.00 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстандық Францияда чечил өндіре бастады

  • 252
  • UPD: 22:54, 31.10.2020

Жұрт бұрымша ірімшік деп атайтын бұл өнім бізде де кеңінен тараған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал француздардың көбі оның дәмін татпаған екен.

Ляззаттың бүкіл өмірі сүтпен байланысты. Қазақстанда сүт өндіретін компанияда жұмыс істеген кезінде болашақ күйеуімен танысқан. Ал Францияға көшкеннен кейін отбасылық фермада бірге еңбек етіп келеді. Ляззат сүт бизнесімен қатар тағы бір жаңа кәсіп бастауға бел буған.

Ляззат осындай тәуекелге қалай барғанына өзі де таң қалады. Өйткені әлемде ірімшік туралы француздардан артық білетін ел жоқ. Сондықтан жоғары сапалы өнім түрін шығару үшін бірнеше жыл бойы ізденген.

Ляззат Атабек-Тюффро, ірімшік өндіруші:

– Ас бөлмемде екі жыл бойы сыр дайындап жүрдім. Көршілер мен таныстарым дәмін татып, сыннан өткіздік. Ал екі-үш жылдан кейін өндірісті бастауға дайын болдық. Ірімшіктің құрамын француздардың талғамына сай өзгерттік. Жұмсартып, тұзын да азайттық.

Бұл ірімшік жергілікті тұрғындарға ұнады. Тіпті жергілікті мейрамхана мәзіріне қосылып, ғимарат қабырғасына Ляззаттың суреті де ілінді.

Жюльен Боссо, мейрамхана иесі:

– Өте дәмді, балаларға ұнайды. Лязаттың көршілері өсіретін био қызанақтармен дәмі жақсы үйлеседі. Сапалы өнімдерді мейрамхана мәзіріне қуана қосамыз.

Енді Ляззат өндірісін кеңейтіп, ірімшікті бүкіл Франция аумағында сатуды көздеп отыр. Ал кейін құрт жасап сату да жоспарда бар.

Авторлары: Әлия Сыздықова, Руслан Өміржан

Хабар 24 телеарнасы