425.59 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қызылорданың күріші шетелдік өніммен қаншалықты бәсекелес бола алады?

  • 149
  • UPD: 22:13, 31.10.2020

Отандық ғалымдардың 15 жылдық ізденісінен кейін Сыр өңірінде күріштің жаңа сұрыптары өндіріске енді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл сұрыптар шетелдік өніммен қаншалықты бәсекелес бола алады? Мамандардың бағасы қандай?

Ақмешіттің атын әйгілеген «Ақмаржан» сортының өндіріске енгізілгеніне биыл 33 жыл болған екен. Соңғы жылдары бұл сұрып өсімдік ауруына шалдығып, өнімділігі төмендеп кеткені рас. Оның орнын шетелдік өнімдер басты. Дегенмен аздап болса да, өңірдің оңтүстік аудандарында егіледі. Тоқсаныншы жылғы тоқырауда тыңайтқышсыз шығып, елге ырыс болған «Ақмаржанның» қазіргі хәлі мәз емес дейді мамандар.

Тұрғанәлі Базарбаев, Жаңақорған аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

– «Супер элита» деген өте жоғары, одан кейін бірінші сұрып, сосын екінші, әрі қарай үш шығады. Екіден үшке қарай кеткеннен кейін тұқымның өну қабілеттігі нашарлайды. Қартайды деген сөз. 86 жылдан бері егіп келе жатыр. Бірақ біз «Маржанды» бірден тастап кете алмаймыз. Бірте-бірте басқа, жаңа сорттарға көшеміз. 

Рас, «Ақмаржан» ауырғалы шаруашылықтар Ресей сұрыптарына жаппай көше бастады. Дегенмен отандық ғалымдар да қол қусырып қалған жоқ. Ұзақ жылдарғы ізденістер нәтижесінде екі бірдей жаңа сұрыпты өндіріске енгізіп отыр. Мәселен, Жаңақорған ауданындағы тәжірибелік шаруа қожалық биыл «Айкерім» сортының 200 тоннадай тұқымын әзірлеген. Енді «Сыр сұлуын» көбейтпек екен.

Манас Ибрагимов, шаруа қожалықтың бас агрономы:

– «Сыр сұлуы» дегенді 20 тоннадай алсақ, одан да питомник істесек, осы өзіміздің аудан, облыс көлеміне тарқататындай етіп көбейтсек па деп жатырмыз. Әлі де ғалымдар жұмыс істеп жатыр. Жаңа сорт шығады, соны біз тәжірибе шаруашылығы болғаннан кейін бізге егеді, көреді, сөйтіп дамытып жатқан жөніміз бар.

Отандық жаңа сұрып шетелдікімен салыстырғанда 10-15 күндей ерте піседі. Тұздылыққа, қатал климатқа төзімді әрі өнімділігі жоғары. Тауарлық сапасы да талапқа сай. Яғни агротехнологиясын сақтаса, гектарынан 90 центнерден жинауға болады.

Қайратбек Сәрсенбаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

– Биылғы жылы бұл 2 сорттан 1156 гектар жерге егілді. Содан қазір 3 мың тоннадай күріш тұқымы дайын болады деген жобамыз бар келесі жылға. Яғни бұл 12 мың гектарға жетеді. Бұл жалпы облыстың күріш дақылының 15 пайызын құрайды. Ал әрі қарай келесі жылдары сол күріштің тұқымымен толық қамтамасыз етуге мүмкіншілігіміз болады. 2022 жылға 50 пайызға дейін жеткізуге мүмкіндік болады. Енді тиімділігіне қарай шаруашылықтар өздерінің таңдауларын жасайтын болады.  

Еліміз өндіретін күріштің 90 проценті Сыр өңірінің үлесінде екені белгілі. Мамандар жаңа отандық күріш сұрыптары суармалы су тапшылығын шешуге септеседі, экономикалық әрі экологиялық тұрғыдан да тиімді болмақ деген пікірде.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Қанат Еңсебаев

Хабар 24 телеарнасы