420.79 509.00 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ел тыныштығын ойлаған тәртіп сақшысы

  • 211
  • UPD: 23:03, 31.10.2020

Ақмола облысында, 300-ден астам учаскелік полиция инспекторы бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар аймақ тұрғындарының тыныштығы мен қауіпсіздігіне жауапты. Сол үшін күн-түн демей қызмет етеді.

Олардың арасында былтырғы жылдың үздік учаскелік полиция қызметкері атанған Нариман Нұржақсин де бар. 34 жастағы тәртіп сақшысы Көкшетауда жұмыс істейді.

Нариманға бейнебақылау камерасы болмаса өте қиын болар еді. Себебі қарамағындағы аумақта халық тығыз орналасқан. Учаскелік инспектор жанындағы әріптестерімен бірге бас-аяғы 27 мың тұрғынның тыныштығына жауапты.

Нариман Нұржақсин, учаскелік полиция инспекторы:

– Міне, кейбір жерлерде әлі бейнебақылау орнатылмаған. Сол жерлерге орнатамыз деп отырмыз. Аумағы жағынан кішкентай болғанымен халық тығыз орналасқан. Өйткені қаланың нағыз орталығында. Басында келгенде қиын болған. Қазір үйрендік. Жанымдағы әріптестерім көмектеседі.

Ал Нариманның жанындағы әріптестері, керісінше біз оған иек артамыз дейді. Себебі ол – осы бекеттің ұйымдастырушысы, аға қызметкері. Әрі тәжірибесі де мол. Сондықтан осындай үлгілі полицеймен бірге қызмет ететіндеріне мақтанатындарын айтады.

Бауыржан Тасмағанбетов, учаскелік полиция инспекторы:

– Учаскеде тұрғындардың көбі таниды. Тіл табысуы өте жақсы. Негізі Нариман үлгілі полицей деп санаймын. Үлгілі отбасыдан. Отбасында 4 бала-шаға асырап отыр.

Әкімшілік аумақта халық көп болғандықтан, олардың арасында түрлі қиын адамдардың да болатыны жасырын емес. Айталық, Нариманның учаскесінде 100-ден астам маскүнем, бұрын сотталған 25 адам және 30 шақты нашақор тіркеуде тұр. Сондықтан маңайды жиі аралап жүруге тура келеді.

Назира Панкина, қала тұрғыны:

– Мен бұл үйде 50 жыл тұрамын. №2 аумақтық полиция бекетін жақсы білемін. Міне, он шақты жыл болды, ол жерде Нариман қызмет етіп жүр. Ол қызметіне өте адал. Ауданға жиі келіп тұрады. Маңайымыз тыныш. Бұл да болса олардың еңбегі деп білеміз.

Ішкі істер органдарында қызмет етіп жүргеніне он жылдан енді асса да, майор шенін иеленген учаскелік инспектордан үздік полицей атанудың сырын сұрадық. Алайда жауап өте қарапайым боп шықты. Сөзден гөрі іске жақын қызметкер, табыстың кілті – еңбект дейді. 

Нариман Нұржақсин, учаскелік полиция инспекторы:

– Үздік полицей болу үшін талпынып жұмыс істеу керек. Алға қойған мақсаттардың бәрін орындап, ешқашан да артқа деген болмау керек. Тек қана алға.

Тек қана алға басып, қатарынан оза шапқан Нариман Нұржақсинге жақында үздік қызметі үшін жаңа патрульдік көлік тарту етілмек. Ал кейіпкеріміздің өзі басты мақсатым – генерал болу емес, халықтың алғысын алған, елдің есінде қалған адал қызметкер болу дейді.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы