425.59 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ШҚО-ның Үржар ауданында ауылдар абаттанып келеді

  • 272
  • UPD: 09:09, 01.11.2020

Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданында ауылдар абаттанып, әлеуметтік нысандар бой көтеріп келеді. Аудан орталығындағы 27 көшеге асфальт жамылғысы төселіп, зәулім бассейн салынып жатыр. Тұрғындар бұрын жүруге қолайсыз шеттегі аумақтардың жарықтанып жатқанына қуанышты.

Бұрын күзде немесе көктемде мына көшелермен жүру қиын еді. Тұрғындар батпаққа батып, көліктер шоқалақтан жиі сынатын. Енді қазір жағдай түпкілікті өзгерген.

Людмила Бандюкова, Үржар ауылының тұрғыны:

- Бізде көшелеріміздің көбі асфальттанып, көркейіп келеді. Көз тойдырып, көңіл қуантады. Тіпті орталық көшелерде жаяулар өтпесіне дейін жасап қойды, бұрын мүлдем ондайды білмеуші едік. Біз мұндай игі өзгерістерге ризашылығымызды білдіреміз. 

Биыл Үржар аулындағы 22 көшеге «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы, тағы 5 көшеге  «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы асфальт төселіпті. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен бір миллиардқа жуық қаражат бөлініпті. Көшелерді жарықтандыру, абаттандыру жобалары да сәтті жүзеге асқан. 

Сайлауғазы Шарықбаев, Үржар ауылдық округінің әкімі:

- Болашақ жоспарлар, келесі жылдары бізде Жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша 4 шағын спорт алаңын салу, стритворкаут салу, бүкіл Үржардың көшелерін жарықтандыру жүйелерін мейлінше жүргізетін боламыз. Және ауылдық округке қарасты Қызылту ауылының екі көшесіне жарықтандыру жүргіземіз. Сол ауылдағы жөнделмей қалған бір көшеге жөндеу жүргіземіз. Ал оның ар жағындағы 24 шақырым жердегі Қызылбұрған деген ауыл бар, оның орталық көшесіне жартылай жарықтандыру тартылмаған, соған жарық тартамыз.

Ал мына жүзу бассейні халықаралық талаптарға жауап беретін кешен болмақ. Қазір мұнда 50 адам еңбек етіп жүр. Мақсат – желтоқсан айында маңызды нысанды ел игілігіне беру. 

Ернар Аманов, жоба жетекшісі:

- 10 жолақты жүзу бассейні, ұзындығы 25 метр, жалпақтығы 16,5 метр. Мұнда медициналық бөлме бар, жаттығу бөлмесі. Содан кейін инструкторлар болады. Дене қыздыру үшін саунасы бар, душ бөлмелері бәрі, тексеріп кіргізеді. Өсіп келе жатқан балаларға ең бірінші бұлар жаттығып, осымен айналысса, бұл жақсы жүзу деген өте жақсы ғой. Үлкен кісілер де бос уақыттарында пайдалануға болады бұл жерде.

Үржар ауылында мұнан бөлек бірнеше көпқабатты және жер үйлердің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Келесі жылы 10 мың халыққа қызмет көрсететін жаңа емхана салу да қолға алынбақшы. 

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы