422.87 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ШҚО-да коронавирус өршіді

  • 144
  • UPD: 18:51, 01.11.2020

Шығыс Қазақстанда 13 санитарлық бекет қойылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның жетеуі Өскемен қаласына кіріп-шығатын аумақтарда, алтауы аудан-қалаларда орнатылған. Көрші елдермен арадағы шекара бойында да санитарлық бекеттер жұмыс істеп тұр. Өйткені өңірде соңғы тәулікте коронавирус өрши түскен. Бүгіннің өзінде 252 адамнан қауіпті вирус анықталды.

Шығыста індеттің ілмегіне ілінгендер тым көбейіп кетті. Эпидемиолог-мамандар жағдайды сараптай келе, дерттің дендеуінің әзірше ең негізгі бірнеше себебін атады. Карантин болса да, халық қарапайым қауіпсіздік ережесін елемейді. Қоғамдық орындарда бетперде тақпайды. Көрші елге барыс-келіс те тым жиілеп кеткен. Той-томалақ пен отбасылық басқосу азаймай тұр. Сондықтан жағдай одан сайын ушықпас үшін аймақтағы мемлекеттік бас санитарлық дәрігердің карантин ережесі бойынша бұған дейін шығарған қаулысына тағы өзгеріс енгізілді. Соған сәйкес облыста қазір 13 санитарлық-бекет қойылды.

Олжас Керейхан, тілші:

- Санитарлық бекеттерде полиция қызметкерлері мынадай әрі-бері өткен көлік иелерінің құжатын тексерсе, дәрігерлер ондағы жолаушылардың дене қызуын өлшейді. Олар тәулік бойы кезекшілікпен жұмыс істейді. Ал азық-түлік, дәрі-дәрмек басқа да тауар тасымалына ешқандай шектеу қойылмайды. Санитарлық бекеттің блок-бекеттен негізгі айырмашылығы осында.

Індет алғаш таралып бүкіл елде төтенше жағдай жарияланғанда шығыста тұрғындардың жүріп-тұруы арнайы рұхсат қағаздарымен реттелген. Қызыл, көк түсті. Бұл жолы ондай қатаң ереже жоқ. Тек бекеттерден өтерде жеке куәлік арқылы тұрғылықты жері ғана тексеріледі.

Аудан-ауылдарға қатынайтын автобустардың жүру кестесіне де өзгеріс енгізілді. Яғни жолаушылар легі көп бағыттарда аптасына бір-екі рет қана қатынайды. Ал қалада демалыс немесе мереке күндері қоғамдық көліктердің қозғалысы шектеледі. Халыққа барлық жерде бетперде тағу міндеттелді.

Арман Сағындықов, қалалық мемлекеттік бас санитарлық дәрігердің міндетін атқарушы:

– Жаңағы қауылға сай бізде мониторингтік топтар құрылды. Өйткені тек санитарлық бекет емес, қаланың ішінде де жұмыс жасалу керек. Ол рейд жасалып, маска тағу сұрағы тексеріледі.

Тексеріліп қана қоймайды. Карантин ережесін бұзғандар айыппұл арқалайды. Жалпы қаладағы санитарлық талапты қадағалайтын 11 мониторингтік топ құрылды. Оның құрамында бірнеше құзырлы орган өкілі бар. Олар топ-топқа бөлініп, рейд өткізеді.

Авторлары: Олжас Керейхан, Жігер Бабаханов

Хабар 24 телеарнасы