422.87 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Атырау облысындағы Ақмешітте жол мен су мәселесі әлі шешілмей отыр

  • 146
  • UPD: 21:28, 01.11.2020

Алты Алашқа аңыз болған Пір Бекеттің батыс өңірдегі 4 мешітінің бірі – Атырау облысында орналасқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазақстанның киелі жерлерінің тізіміне енген Бекет атаның туған топырағы Ақмешітті жергілікті билік туристік орынға айналдыруды жоспарлапты. Алайда шешілмеген мәселе шаш етектен.

Бұл – Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласынан 60 шақырым жерде орналасқан Ақмешіт қорымы. Пір Бекет көзі тірі кезінде осындағы жерасты мешітінде бала оқытыпты. Мұнда тәу етіп келетіндердің қатары жыл санап артып келеді. Тіпті алыс-жақын шетелден келетіндер де бар. Қазақстанның киелі жерлерінің тізіміне енген Ақмешітті жергілікті билік туристік орынға айналдыруды жоспарлапты. Алайда жол мәселесі толық шешім таппай отыр. Қыстыгүні мүлде қатынас болмай қалады.

Ислам Мырзабекұлы, Бекет ата мешітінің имамы:

– Жоспар бойынша жол жоқ еді. 30 шақырым жер жол салу, күрделі жөндеуден өткізу, көгалдандыру мәселесі бар, биыл су болмай қалды. Ағаштарымыз қурап қалды. Болашақта осы мәселе шешілсе деген тілегім бар.

Қазақстанның киелі жерлерінің тізіміне енген тағы бір орын – Құлшан ата жер асты мешіті. Ақмешіттен 5-6 шақырым жерде орналасқан.

Асланбек Шығыр, тілші:

– Бұл – Пір Бекеттің жиені Құлшан ата мешіті. «Құбыла беттен келетіндер Құлшанға соқпай келмеңдер» деген Бекет атаның да өз өсиеті бар екен. Құлшан ата көзі тірісінде осы жер асты мешітінде шәкірт тәрбиелеген. Сондай-ақ қайтыс болғаннан кейін дәл осы мешіт ішіндегі үңгірде жерленіпті. Бұл орын да Қазақстанның киелі жерлерінің тізіміне енген.

Бұл жерлерді туристік орынға айналдыру үшін тағы бір қолбайлау болатын – ауыз судың жоқтығы. Бұл мәселе де қаржының тапшылығына тіреліп отыр.

Дастан Тілеуов, Ақкиізтоғай ауылының әкімі:

– Мұның басына су келіп жатқан жоқ. Су тартылса жақсы болар еді. Келіп кететін адам қарасы көбейгеннен кейін пайдаланатын судың да көлемі көбейеді. Осындай болса, келетін туристердің, қонақтардың қарасы көбейер еді. Шетелдік адамдар келгенде, осы жерді көріп, өздері елдеріне барып таныстырады. Сондықтан келетін адамның қарасы көбейеді.

Жергілікті демеушілердің көмегімен қазір қонақ үйдің құрылысы жүріп жатыр. Егер, жол мен су мәселесі шешімін тапса, осындағы құнды дүниелерді тамашалап, тәу етуге келетін туристердің саны артпақ. Сондай-ақ Биыл Бекет атаның туғанына 270 жыл толды. Алайда қауіпті індет белең алған тұста оны тойлаудың да реті келмей отыр.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев

Хабар 24 телеарнасы