425.59 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодар облысындағы Тобылжан ауылына ауызсу берілді

  • 102
  • UPD: 22:11, 01.11.2020

Павлодар облысында ауыз су мәселесі өзекті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елді мекендердің тек 73 проценті ғана таза суға қол жеткізген. Бұл мәселе соңғы 10 жыл бойы күн тәртібінен түскен емес. Екі ауданда топтық су құбыры салынып, су тазарту бекеттері орнатылып жатыр. Тобылжан ауылында орталық су жүйесінің істен шыққанына 30 жыл болыпты. Осы уақытқа дейін тұрғындар кермек татитын құдық суын ішіп келген.

Тобылжан – кезінде тұз өндірісімен атағы дүркіреп тұрған ауыл еді. Ресейдің ірі металлургиялық зауыттарын техникалық тұзбен қамтыған. Тұрғындар сол өндірісте еңбек етті. Бүгінгі күні ондағы қор таусылған. Орталық су жүйесінің іске қосылуы ел адамдарының еңсесін бір көтеріп тастады. 

Валентина Кононенко, зейнеткер:

– Судың берілуі ауыл адамдары үшін үлкен бақыт. Қазір мұнда біз сияқты қарт адамдар тұрады. Оларға құдықтан су тасу оңай емес.

Екі бала тәрбиелеп отырған Мұрат пен Ева алдын ала қамданыпты. Су берілетінін естігенде кір жуғыш машина алып, душ кабинасын орнатып алған.

Мұрат Сәрсембаев облыс орталығына қатынап жұмыс істейді. Қалаға көшу жоспарында жоқ. Мал асырайды, бақша салады.

Мұрат Сәрсембаев, Тобылжан ауылының тұрғыны:

– Ауылда біздің өз шаруамыз бар. Мал өсіріп, мұғалімдер мектепте істейді. Біз қала жаққа барамыз. Қала жақын бізге. Қалада жұмыс істеп, келіп малмен айналысамыз. Осылай өмір сүріп жатырмыз.

Су тарату бекетінің құрылысына 375 миллион теңге бөлініпті. Тіршілік нәрі әрбір үйге жеткізілген. 

Николай Дычко, Успенка ауданының әкімі:

– Суды үйге кіргізуге қаржы бөлек қарастырылған. Мердігерлер оны өз мойындарын алды. Зейнеткерлердің үйіне тегін өткізілді.

Тереңдігі 65 метрден шығып жатқан су бірнеше сүзгіден өтеді. Сондықтан сапасы өте жоғары. Қазір ауылдағы 150 үйге су берілді.

Әлібек Нұрғалиев, мердігер компания басшысының өндіріс жөніндегі орынбасары:

– Адамдар суды өздері қазып алған құдықтан алады. Ол шамамен 10-15 метр тереңдіктен шығады. Талапқа сай келмейтін сапасы төмен су денсаулыққа қауіп төндіреді. Бүгінгі күні су құбыры тартылып, бұл мәселе артта қалды.

Успенка ауданында қазір төрт бірдей су құбырының құрылысы жүріп жатыр. Алдымыздағы жылы оның үшеуі қолданысқа беріледі. Осылайша ауыз су мәселесі бұл ауданда толық шешімін таппақ.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы