420.79 509.00 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодар облысындағы шағын зауыт күнбағыс майының бағасын ұстап тұр

  • 199
  • UPD: 13:33, 02.11.2020

Елімізде күнбағыс майы қымбаттап кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әлеуметтік маңызы жоғары өнімнің бағасы бірден 20%-ке шарықтаған. Павлодар облысында май шығаратын шағын зауыттар әзірге бағаны ұстап тұр. Дегенмен көп кешікпей өсімдік майының нарқы өзгеруі мүмкін. Облыста қазір майлы дақылдарға орақ түскен. Қуаңшылық болса да, жалпы түсім көңіл көншітетін секілді.

Ертіс өңірі 156 мың гектар алқапқа күнбағыс егеді. Бүгінде өнімнің жартысынан көбі жиналған. Орташа шығымдылығы гектарына 6,5 центнерден айналады.

Евгений Степанищев, шаруа қожалығы басшысының м.а.:

– Бұл – күнбағыс үшін қолайлы ауа райы. Дымқыл болса, кептіріп аламыз. Гектарына 6-7 центнерден өнім алып жатырмыз. Қуаңшылық жылдарында мұны өте жоғары көрсеткіш деуге болады. Бізді майлы дақылдың бағасы қуантып отыр.

Бұл шаруашылықта жер өңдеудің озық технологиялары қолданылады. Сондықтан өнім сапасына шағым жоқ. Ал шикізатқа сұраныс еліміздің әр өңірлерінен түседі. Күнбағысты шаруалар оңтүстікке жөнелтіп жатыр. Бір тоннасы 175 мың теңгеден сатылады. Ал аудан орталығы Успенка ауылында шағын май зауыты бар. Технолог Галина Гузидің айтуынша, бұл – тазартылмаған май. Табиғи өнімнің құндылығы да осында жатыр.

Галина Гузи, технолог:

– Егер тазартылған маймен салыстыратын болсақ, бұл майдың барлық пайдалы қасиеттері сақталады. Жоғары сұранысқа ие. Тұрғындар жақсы алады. Павлодар, Нұр-Сұлтан қалаларына жібереміз. Тапсырыс өте көп.

Тәулігіне төрт тонна май шығаратын зауыт өнімі облыс үшін теңізге тамған тамшыдай ғана. Облыстың тұрақтандыру қорына тек тазартылған май алынады. Павлодар облысы оны Алматы, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарынан тасиды. Өз кезегінде жергілікті май зауыты өндірісті жаңғыртуды қолға алмақ.

Дәулет Наукенов, өндіріс басшысы:

– Қазіргі кезде өнімділік көлемі аздық етіп отыр. Май өндірісін іске қосқан кезде біз осыншама сұраныс тудырады деп ойлаған жоқпыз. Өнімнің сапасы жақсы болып шықты. Соған сәйкес сұраныс тудырып отыр.

Тазартылмаған майдың экспорты 500 тоннадан асқан. Павлодар облысында рафинадталған май шығарылмайды. Тазартылған май 100% сырттан келеді.

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

– Тазартылған май мен тазартылмаған майдың арасында айтарлықтай айырмашылық бар. Жергілікті өнімнің 1 литрі 320 теңгеден босатылып жатыр. Ал рафинадталған майдың 900 грамы 615 теңге тұрады. Дүкен сөрелерінен одан да қымбаттарын кездестіруге болады. Қоймаларда өсімдік майы жоқ көрінеді. Бұған бағаның тұрақсыздығы да себеп болған сияқты.

Облыстың майға деген ішкі сұранысы жылына 9 мың тоннадан асады. Дүкендерде өнімнің бағасы қазірдің өзінде қымбаттап кеткен. 

Талғат Дұғалов, облыстық Сауда және кәсіпкерлік басқармасы сауда саясаты бөлімінің жетекшісі:

– Бүгінгі күні біз күнбағыс майының 15-20%-ке қымбаттағанын байқап отырмыз. Бұл, біріншіден, маусымдық қымбатшылық. Оның үстіне көп жерлерде астық шығымы төмен болды. Бұл баға саясатына кері әсер етіп отыр.

Өсімдік майы әлеуметтік маңызы жоғары азық-түлік түрлеріне жатады. Тұрақтандыру қорына алынған 60 мың тонна май әлеуметтік дүкендерге бөлінген. Қосымша 300 мың литрге тапсырыс берілген.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Марат Игіліков

 

Хабар 24 телеарнасы