425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақмола облысында балық шаруашылығы қолға алынбақ

  • 125
  • UPD: 13:38, 02.11.2020

Биыл елімізде балық шаруашылығына бөлінетін субсидия екі есеге дейін артуы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қаржылай көмекті өнімге ғана емес, кеткен шығынға да беру жағы қарастырылады. Осы саланы Үкімет мықтап қолға алып отыр. Қазір әрбір аймақ Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша өз жерінде балық шаруашылығын дамытудың он жылдық жоспарын әзірлеуде. Субсидия көбейсе, саны бар, сапасы жоқ шаруашылықтар қаптап кетпей ме? Балық өсіремін деушілер нені ескеру қажет?

Степногорлық Наталья Лащинская былтыр шаһар іргесінен шағын көлшікті жалға алып, биыл балық шаруашылығын бастады. Ол форель балығын көбейтпек. Кәсіпкер әзірге жылына 50 тонна өнім шығаруды көздеп отыр. Ал оларды Ақмола облысы мен елордаға жөнелтеді.

Наталья Лащинская, кәсіпорын директоры:

– Жобаның мақсаты – азық-түлік базарын тірі балықпен толтыру. Біздің жоба Степногорск қаласы аумағын дамыту жоспарына енгізілген. Көлшік 6 бөлікке бөлінген. Оларда қазір салмағы 50 грамнан 300 грамға дейін жететін 4 мыңнан астам шабақ бар. Ал балықты келесі жылдан бастап сатамыз.

Кәсіпкер бизнесі алға басса, алдағы уақытта балық өнімдерін шығаратын фабрика да ашпақ. Қазірдің өзінде бұл жобаға 66 млн теңге жеке қаржысын жұмсаған компания келешекте бұл кәсіптен көл-көсір пайда табуды мақсат етіп отыр. Ал осы салаға жарты ғасырдан астам ғұмырын арнаған ихтиолог Жеткерген Әбдиев балық шаруашылығы дәнін егіп бір жылда өнім ала салатын егіншілік емес екенін айтады. Оның үстіне бұған асқан дайындықпен келу қажет. «Ал табыстың басы білімде», – дейді тәжірибелі маман.

Жеткерген Әбдиев, облыстық Балық шаруашылығы қауымдастығының төрағасы:

– Бұған білім керек. Өйткені суасты дүниесі ғой. Әсіресе бізде қыс ұзақ: 6 ай. Қыстың ұзақтығынан балық тұншығады. Оны қырылу дейміз. Балық тұншықпас үшін көлге оттегі беріп, жағдай жасап, соған көңіл бөлу керек. Балықты өсіру де, аулау да, өңдеу де білімді талап етеді.

Бірақ сол білімді меңгергісі келетіндер аз. Әзірге елімізде тек осы саланың басы-қасында жүргендер ғана қысқаша курстар оқып, балық шаруашылығының қыр-сырын игеруде. Ал бұл мамандықты Қазақстанда тек бір ғана білім ордасы оқытады. Алайда оған жыл сайын 10 шақты адам ғана түседі екен. Дегенмен қазір субсидия көбейеді дегенді естіген халық балық шаруашылығына көптеп қызығушылық танытып жатқан көрінеді.

Жеткерген Әбдиев, облыстық Балық шаруашылығы қауымдастығының төрағасы:

– Жылдан-жылға көл алып, балық өсіремін деп жатқан талапкерлер өте көп. Демек келешекте жұмыс орнын ашады, балық өнімін көбейтеді. Әрине, балық шаруашылығында өзіндік қиындықтар бар. Сол қиындықтарды жеңу үшін білім керек.

«Біліммен қоса бұл сала қыруар қаражатты да талап етеді. Ал ол бірден қайта қоймайды. Сондықтан қолдау керек-ақ», – дейді мамандар. Өйткені еліміздің балық шаруашылығында әлеуеті өте зор. Мәселен, Ақмола облысында 500-ге жуық өзен-көл бар. Алайда олардың жартысы ғана игерілген. Ал ондағы шаруашылықтардың бәрі жабылып, жылына небары 600 тонна ғана тауарлы балық шығарады. Мамандар бұл көрсеткішті 10 есеге дейін арттыруға мүмкіндік бар екенін айтады.

Дамир Берікұлы, тілші:

– Жалпы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бір адамға жылына кемінде 16 келі балық өнімін тұтынуға кеңес береді. Бірақ бұл көрсеткіш бізде қазір 4 келіге де жетпейді. Ал көрші Ресей мен Қытайда тұрғындар жыл сайын 20-40 келіге дейін балық жейді екен. Сондықтан су маржандарын өзіміз жемесек те, оны көбейтіп, экспортқа шығаруға әбден болады.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы