423.81 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ШҚО-да коронавирустың таралуын болдырмау шаралары қолға алынды

  • 132
  • UPD: 16:56, 02.11.2020

ШҚО-да өткен аптаның жұмасынан бастап коронавирус жұқтырғандар саны тәулігіне 200-ден асып, «сары аймаққа» айналды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін 245 тұрғыннан COVID-19 анықталған. Індеттің бетін қайтару мақсатында облыс аумағында кешеден бастап санитарлық өткізу бақылау бекеттері қойылды. Әзірге 13 бағытқа шектеу енгізілді.

Эльмира Ахметова, тілші:

– Мен қазір Өскемен – Самар бағытындағы тасжол бойында тұрмын. Бұл бағыт арқылы бір емес бірнеше ауданға қатынауға болады. Соның ішінде: Күршім, Зайсан, Тарбағатай және Самар, Көкпекті. Ұлан ауданының бір бөлігі де осы жақта жатыр. Сондықтан облыс орталығымен арадағы барыс-келіс өте жиі жүреді. Сол себепті де санитарлық бекет қою орындарының бірі ретінде таңдалса керек.

«Санитарлық өткізу-бақылау бекеттерінің басты мақсаты: көліктерді кіргізбей немесе өткізбей қою емес», – деп түсіндірді мамандар. Ең негізгі міндет: қалаға кіретін және шығатындардың денсаулығын бақылау, көрсеткішін білу. Сондықтан өңірге қойылған 13 санитарлық бекетте полиция қызметкері мен медициналық мамандар тәулік бойы қызмет етуде. Полиция өкілдері көліктерді тоқтатып, кімнің қайда бара жатқанын және құжаттарын тексерсе, медициналық мамандар олардың жалпы денсаулықтарын бағамдап, дене қызуларын өлшеп, анкета толтырады. Сөйтіп әр бағыттан кірген-шыққандар туралы мәлімет жинақталады. Жалпы кешеден бері санитарлық бекеттерден 6,5 мыңнан астам көлік өтіп, тексерілген екен. Енді ауру көрсеткішіне келсек, өңірде пандемия басталғалы бері коронавирус инфекциясымен 10 мыңнан астам дерек тіркелген. Өскеменде карантиндік шаралар қатаң. Қоғамдық көліктерді зарарсыздандыру жалғасуда.

Қаламен қоса алғанда облыс ішінде қазан айында 1600-ден астам рейд жүргізілді.Осы аралықта бекітілген талаптарды сақтамағандары үшін жалпы 336 айыппұл салынған. Бұдан өзге бүгіннен бастап Өскеменмен Алматы, Нұр-Сұлтан бағытындағы теміржол және әуе қатынасы азайтылды. Оның үстіне енді тек ПТР-тесттің теріс нәтижесі бар адамдар ғана діттеген жерлеріне жете алады. Аурудың жылдам таралуына себептер көп. Олардың ішінде бетперде тақпау, қоғамдық жерге көп бару сынды салғырттықтарды айтуға болады.

Арман Сағындықов, қалалық мемлекеттік бас санитарлық дәрігердің м. а.:

– Шет мемлекеттермен шекараласпыз ғой. Сондықтан бізде екі ортада зат тасымалдау, азық-түлік жеткізу бұрыннан қалыптасқан. Сол себепті медициналық бақылаудан өтіп, қадағаланғаны дұрыс деп шештік. Осы шарттар енген қосымша қаулы шығарылған болатын. Оқу орындары бойынша тағы бір ескеретін тұс: қазір мектепке барып жүрген бастауыш сыныптар арасында коронавирус анықталған болса, онда сол мектептің сыныбы қашықтан оқу ауысымына жіберіледі.

Мінеки, қазіргі жағдай осындай. Елімізде коронавирус тарағанда ШҚО карантиндік шараларды жіті сақтайтын аймақ ретінде аталушы еді. Енді бәрі өзгеріп, індет ең көп тіркелген облыс ретінде тізім басында тұр. Дәрігерлер мұның барлығын қамсыздық пен босаңсудың салдары деп санайды. Ал бүгінгі қабылданып жатқан шаралар қандай нәтиже бермек? Оны уақыт көрсетеді.

Хабар 24 телеарнасы