425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қорғалжынның тамылжыған табиғатының ортасындағы ауылда ішетін су жоқ

  • 142
  • UPD: 05:33, 03.11.2020

Жағалай тұщы көлдер алып жатқан Қорғалжынның ауылында ауыз су жоқ. Шалқардың жұрты тұзды су ішуге мәжбүр. Қолданысқа берілгеніне жарты ғасырдан асқан магистраль тозып кеткен. Әлі жаңартылмай жатыр. Ауылға түсірілім тобымыз барып, жағдайды көзбен көрді.

Шалқар ауылы. Елордадан 150 шақырым жерде жатыр. Ақмола облысының Қорғалжын ауданына қарайды. 100 шақты үйі бар. Жақсы күйі бар. Нуы бар. Бірақ суы жоқ. 

Аманжол Жартыбеков, Шалқар ауылының тұрғыны:

- Ауылды қарап отырсаңыздар Қорғалжын өңірінде тұрамыз. Бұл ауылда көлдер көп. Әлемдік тұшы су қорына жатамыз. Сол жерде су жоқ. Енді су жоқ дегеніңіз ойлаңыз енді мына ауылда су жоқ деп бір шөл далада тұрған сияқтымыз. Ұят өзі айту деген. Тұщы су маңайымызда бар. Бірақ, ауыз су жоқ. 

Ауыз су бұл ауылға аудан орталығы Қорғалжыннан келуі керек еді. Бір кезде келіп тұрған. Уақыт өте Қорғалжын мен Шалқардың арасындағы 29 шақырым су магистральі шіріп кеткен. Қолданысқа берілгеніне 50 жылдан асыпты. Оның үстіне құбыр 2015 жылдың көктеміндегі тасқын кезінде су астында қалған. Содан бері жұрт тіршілік нәрін өткен ғасырдан қалған құдықтан алып ішеді. 

Қорған Төреқожа, тілші:

- Бұл бүтін бір ауылға ортақ шелек. Жұрттың күні осы құдыққа қарап отыр. Суы бір керемет деуге келмейді. Бірақ, амал бар ма?! Ащы. Кермек татиды. 

Талғат Әбдіғалиев, Шалқар ауылының тұрғыны:

- 60 жыл болды мына құдықтың тұрғанына. Қыс айларында су болмайды. Барлығымыз осыдан келіп су аламыз.  Қыс айлары болғаннан кейін, ауыл болғаннан кейін әркім сыртқы киімдерімен келеді. Мына жердің бәрі су болған соң адамдар мынаның ішінде етікпен тұрады. Ол етік таза емес енді.  

Қыста қатып жатса да, кермек татып жатса да құдықтан бас тартпақ жоқ. Қайтеді енді?! 

Сәуле Аужанқызы, Шалқар ауылының тұрғыны:

-Үйде балалар бар. Немерелер бар. Біз сияқты біздің ауылда зейнеткер адамдар көп. Менен де үлкен қартаң кісілер бар. Енді осындай судың азабын көріп жатырмыз. Сүзіп ішеміз. 

Жұрт малды мына көлден суарады. Әлгінде көрсеткен ескі құдыққа да су осыдан барады. Қысқасы жағдай мәз емес. Ауыл әкімнің қолы қысқа, әттең... Қаражат жоқ. «Халықтың өзегін талдырмайын» деп әйтеуір ауылға ауыз суды сырттан алдырып отыр.

Мұрагер Ахметбеков, Қызылсай ауылдық округінің әкімі:

- Ауылымызға бейсенбі, сейсенбі күндері су таситын көлік арқылы су жеткізіліп тұрады. Бізде жол мәселесін көріп тұрсыздар. Қыстың күндері, көктемде жол езіледі. Жол жабылатын уақыттар болады, боранды кездері. 

2010 жылы елдімекен ішіне Ақбұлақ бағдарламасы бойынша су құбыры тартылған. Бірақ істен шыққан 29 шақырымдық магистральдан тіршілік нәрі келіп тұрмаған соң ауылішілік құбырлардың өзі шіріп жатыр.

Әкімнің айтуынша, бар гәп Қорғалжын-Шалқар су желісінде. Оны жаңартпай сапалы ауыз су ішу мүмкін емес. «Енді магистраль қашан ауыстырылады» десек әкім «республикалық мекеме ақша жоқ деп айтты» дейді.  

Мұрагер Ахметбеков, Қызылсай ауылдық округінің әкімі:

- 2018 жылдан бастап Нұра топтық су құбыры республикалық мекемесіне берілген болатын. Сол мекеменің басшысы Елжасовтың мәлімдеуінше жобалық-сметалық құжаттарға қаражат жоқ деп жатыр.  

Жұрт ауылға келетін су желісі қашан жаңартылатынын күтіп яки суы тұзды ескі құдыққа қарап отыра ма, кейбірі скважина қаздырып алған. Орал Құрманқызы секілді. Бұл кісі осы Шалқарда туып, Шалқарда өскен. 9 баланы дүниеге әкелген анаға тұщы су ішу әлі мұң. 

Орал Құрманқызы, Шалқар ауылының тұрғыны:

- Мынаны әлгі балалар қаздырып, жерден шыққан су ғой. Ащылау. Кермек татиды. Амал жоқ, ішеміз енді ащы болса да. Бүйрек ауырмағанда не істейді енді?! Ауырады ғой. 

Жанына батқан соң, шалқарлықтар Мәжіліске хат жазған. Өз кезегінде төменгі палата өкілдері Үкіметке депутаттық сауал жолдапты. Кетерімізде кейуана «туған ауылымның тұщы суын татсам» деді. Осы мәселені «жоғарыға» жеткізуді сұрады. Шешілеріне сенім білдірді.

Авторлар: Қорған Төреқожа, Қанат Әбілдин

Хабар 24 телеарнасы