423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Мүмкіндігі шектеулі жандардың базынасын кім тыңдайды?

  • 155
  • UPD: 10:05, 03.11.2020

Мүмкіндігі шектеулі жандар мүгедектігін растайтын анықтамаға онлайн өтінім берсе, 1 жылға ғана анықтама алуға мүмкіндігі бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал мұндай шешімге дімкәс балалардың ата-аналары наразылық білідіріп отыр. Өйткені, айықпас дертке шалдыққан азаматтар үшін қысыл-таяң кезде ауруханаға барып, жүріп-тұру да қиындық тудырады. 

Анар Алмасованың 3 баласының да мүмкіндігі шектеулі. Ол карантинде біраз қиындыққа тап болған. Себебі 4 жасар қызы Амаль туғанынан церебралдық сал ауруына шалдыққан. Енді мүгедектігін дәлелдеу үшін жыл сайын куәләндіріп отыруға мәжбүр.

Анар Алмасова, қала тұрғыны:

– Қызыма мүгедектігі туралы анықтама туа сала берілді. Қазір жасы 4-те. Бірақ әлі сөйлемейді. Келесі жылы анықтаманы тағы алу қажет. Бірақ оның машақаты көп. Мысалы, құжатты жарты жылға берді. Демек біз қайтадан 1 ай бойы барлық қағаздарды дайындауымыз керек. Қызыма өте қиын. Бұлшықеттері босап, буыны ұстамайды, мазасызданады. Балалардың ауруын біле тұра, неліктен 4 жылға анықтаманы бермеске.

Мамандардың айтуынша, кембағал жандар тексеруден өтуі керек. Себебі операциядан кейін диагнозы да өзгеруі мүмкін. Пандемия кезінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі анықтаманы үш ай мерзімге автоматты түрде ұзартты. 25 наурыздан бастап 55 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат қайта куәландырылды.

Анар Ерембаева, ҚР ЕХӘҚМ медициналық-әлеуметтік сараптама басқармасының басшысы:

– Мүмкіндігі шектеулі жандардың диагнозы қойылғаннан кейін 4 ай бойы дәрігерлердің бақылауында болады. Дімкәс жандарға мүгедектік 6 ай, 1 жыл, 2 жыл, 5 жылға дейін беріледі. 16 жасқа толғанға дейін де анықтаманы алуға болады. Алайда адамның диагнозына байланысты. Карантин кезінде мүгедектігі бар адамдар медициналық-әлеуметтік сараптамаға келе алмаса, онда Электрондық цифрлық қолтаңба арқылы немесе электрондық үкімет порталы арқылы өтініш бере алады.

Куәландырудан қайта өтпеген жағдайда зейнетақы берілмейді. Бір жапырақ қағазды алудың машақаты мол. Онсызда жүріп-тұруы қиын жандарға мұнша қағазды жинау оңай шаруа емес. Мәжіліс депутатының айтуынша, медициналық сараптамалық орталықта кей кезде кембағалдықтың 1-тобын емес, 2-топ мүгедектігін береді. Салыстырмалы түрде олардың жәрдемақысы әлдеқайда аз.

Магеррам Магеррамов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Олардың иммунитеті әлсіз. Қысылтаяң кезде басқа азаматтармен бірге кезекте тұруы тиіс және індетті жұқтырулары әбден мүмкін. Мәселен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл медициналық-әлеуметтік сараптамаларды қазір онлайн жүргізсе, денсаулық сақтау министрлігінің мамандары, олар баланы физикалық түрде тексерілуі тиіс дейді. Жалпы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға автоматты түрде 3 жылға анықтама беру қажет. Себебі ата-аналарға да, оларға да бұл үлкен қиындық тудырады.

Анар Алмасова, қала тұрғыны:

– Біз емдік дене шынықтыру курсынан өтуіміз қажет. Қызыма операция жасаған, сол себепті оның бұлшықеттері босаған, буыны ұстамайды. Курстың өзі - 40 мың теңге, қосымша тағы дәрі-дәрмектері бар. Мемлекет тарапынан 1 жылға ауруханаға жатып, ем алуға мүмкіндігі бар.

Айта кетейік, 2019 жылда мүмкіндігі шектеулі жандарға 5 жыл мерзімге анықтама берілетін болды. Ауыр дерттен айығуы екіталай 19 аурудың тізбесі жасалған болатын.

Авторлары: Наргиз Бекмағанбетова, Марат Диханбаев

Хабар 24 телеарнасы