425.59 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

А.Мамин жаңадан құрылған ТЖМ алдына бірқатар міндет қойды

  • 103
  • UPD: 10:17, 03.11.2020
А.Мамин жаңадан құрылған ТЖМ алдына бірқатар міндет қойды primeminister.kz

Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жылыту маусымы кезінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

Төтенше жағдайлар министрі Ю. Ильин, Шымкент қаласының әкімі М. Әйтенов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ. Ақсақалов, Қостанай облысының әкімі А. Мұхамбетов баяндама жасады, деп мәлімдеді primeminister.kz.

Биылғы 1 қыркүйектен бастап ҚР тұрғын үй секторында 1 369 өрт болды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,5%-ке төмен. Өрт жағдайының артуы Шымкент, Алматы, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарында байқалады, бұл көп жағдайда электр жабдықтары мен пешпен жылыту жүйелерінің дұрыс пайдаланылмауына байланысты.

«Мемлекет басшысы жаңадан құрылған Төтенше жағдайлар министрлігінің алдына азаматтық қорғау мәселелерін дамыту және жетілдіру, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, төтенше жағдайлардың алдын алу және жою міндеттерін қойды. Алдын алу мен ден қоюдың тиімді жүйесін құруға бағытталған шаралар қабылдау қажет. Азаматтар мен олардың мүлкін авариялар мен апаттардан қорғауды қамтамасыз ету керек», – деді А. Мамин. 

Үкімет басшысы 2018 жылдан бастап 2020 жылға дейін 404 өрт сөндіру автомобилін және 19 мың бірлік жабдық пен жарақ сатып алу арқылы өртке қарсы қызметтің жарақтандырылуы артқанын атап өтті. Бұл жұмыс елордада, Алматы және Шымкент қалаларында, сондай-ақ Атырау мен Қарағанды облыстарында жақсы жолға қойылған. Бұл ретте Қостанай, Маңғыстау және Павлодар облыстарының әкімдіктері осы мақсаттарға жеткілікті қаражат бөлген жоқ.

Премьер-министр ТЖМ-ге өрттің алдын алу бойынша жұмысты нақты үйлестіруді, күштер мен құралдардың оларды жедел сөндіруге дайындығын қамтамасыз етуді, әсіресе тұрғын үй секторы мен қоғамдық нысандарда бұзушылықтарды анықтауды және өрт қауіпсіздігінің жай-күйін бақылауды жалғастыруды, ІІМ және әлеуметтік қорғау органдарымен бірлесіп, тиісті рейдтік іс-шараларды жандандыруды тапсырды.

Үкімет басшысы ҚР өртке қарсы қызметін материалдық-техникалық жарақтандырудың 2021-2023 жылдарға арналған жол картасын әзірлеп, бекітуді тапсырды.

Өңірлердің әкімдіктеріне әлеуметтік және коммуналдық инфрақұрылым объектілерінің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету тапсырылды.

«Әлеуметтік сала объектілерінде орналасқан қазандықтардың жұмысын ерекше бақылауға алып, оларды ғимараттан шығару мәселесін жылдамдатып шешу керек. Өртке қарсы қызмет бөлімшелері жоқ елді мекендерде өрт сөндіру бекеттерін құру жұмыстарын жалғастырған жөн», – деді А. Мамин.

Үкімет басшысы өңірлердің әкімдіктеріне бір ай ішінде газ-техникалық инспекция құруды және «Газ және газбен жабдықтау туралы» ҚР заңына сәйкес (Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында, Ақмола және Қостанай облыстарында жасалған) газ жабдығына тиісті бақылауды қамтамасыз етуді тапсырды.

ТЖМ-ге өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, жылыту маусымы кезеңіндегі өрт қауіпсіздігі мәселелері бойынша халықпен профилактикалық жұмысты күшейту туралы тапсырма берілді.

Хабар 24 телеарнасы