422.87 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елордадағы ботаникалық саябаққа коммерциялық нысандар қажет пе?

  • 118
  • UPD: 18:00, 03.11.2020

Елордадағы ботаникалық баққа коммерциялық нысандар салынады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл ақпарат әлеуметтік желіде кеңінен тарап, көпшіліктің наразылығын тудырып жатыр. Жергілікті тұрғындар қаланың игіліне берілген парк аумағы жекенің қолына қалай өтіп кеткенін түсінбей дал. Ал әкімдік бұл нысан екі жыл бұрын жоспарға енгізілгенін  алға тартады.

Аслан Қаженов, тілші:

– Біз қазір ботаникалық бақтың әлеуметтік желіде ең көп талқыланып жатқан бөлігіндеміз. Яғни мынадай темір қоршау, бетон кедергі және ішіндегі арнайы техникалар, олардың жерді қазып тастап, қарбалас құрылысқа көпшіліктің қазір наразылығын тудырып отыр. Өйткені ботаникалық бақ аты айтып тұрғандай өсімдіктер әлемінің, ағаштар түрлерінің орталығы болуы керек. «Ал енді оны осылай қоршап, талан-таражға салып, коммерциялық мақсатта қолдану бір жағынан ойға қонымсыз, басқа жағынан заңға қайшы», – дейді көпшілік.

Ботаника бағының төрінен фитнес орталық пен кафе салынатыны жайында Қайрат Сұлтановтың әлеуметтік желідегі жазбасынан білдік. Ол таңғы уақытта  осында жүгіруді әдетке айналдырған. «Бірер күн бұрын жүгіру жолағы темір қоршауға тірелгенде аң-таң болдым. Мұндай мәселе көпшіліктің талқысына салынып барып шешілуі керек», – дейді қала тұрғыны.  Жалпы ботаникалық бақта коммерциялық нысандардың бой көтеруі дұрыс емес деген пікірде.   

Қайрат Сұлтанов, қала тұрғыны:

– Ботаникалық бақтың ішіне коммерциялық нысан орналастырудың қажеті жоқ. Парктің айналасында элиталы тұрғын үйлер жетерлік. Егер тамақтанғым келсе не спортпен шұғылданғым келсе, сол жерден-ақ керегімді табамын. Ал ботаникалық баққа адамдар демалу үшін, серуендеу үшін келеді ғой. Сондықтан бұл бастама ойға қонымсыз.

Кейіпкеріміз бір жылдай Америкада тұрып қайтқан, яғни тәжірибеден өтті. Ол жақта мұндай жерге коммерциялық нысан салуға рұқсат берілмейтініне көзі жеткен. Ал қалалық әкімдік  фитнес орталық құрылысы парк салынбай тұрып жоспарға енгізілгенін алға тартады. 

Әуез Тыныбеков, «Astana» ӘКК» АҚ Инвестициялық жобалар департаментінің директоры:

– Спорттық-сауықтыру кешені сол жердегі жүгіру және велосипед жолақтарын толықтырып, қала тұрғындарының игілігіне қызмет етеді. Яғни қолжетімді болады. Оның жоспары 2018 жылы қала құрылысы кеңесінде мақұлданды. Кеңеске саясат және қоғам қайраткерлері мүше екені белгілі. Бұл нысан қаланың бас жоспарына сәйкес келеді.

Ал құрылыс компания басшысы жұмысты күздің ортасында бастаудың өз себебі бар екендігін айтады. Яғни көктемге дейін қабырғаларын көтеріп, айналасын абаттандыруды жоспарлаған. Қазір аталған аумаққа тас төгіліп, қызу жұмыстар басталып кетті. Әрине, бұл қарбалас паркке келгендер үшін кәдігідей қолайсыздық тудырады.

Авторлары: Аслан Қаженов, Асхат Қарақойшиев

Хабар 24 телеарнасы