423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтауда 200-дей үлескер заңсыз құрылысқа ақша салған

  • 135
  • UPD: 15:02, 04.11.2020
Ақтауда 200-дей үлескер заңсыз құрылысқа ақша салған

Ақтауда 200-дей үлескер заңсыз құрылыстың құрбанына айналды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Үш бірдей компания әкімдіктің рұқсатынсыз көпқабатты үй салған. Бірі кәсіпкерлік нысанына, енді бірі автотұрақ орнына үй тұрғызған. Тіпті пәтерлерді нарыққа шығарып, бір баспананы бірнеше адамға сатып жіберген көрінеді. Енді үлескерлер не ақша жоқ, не баспана жоқ, сан соғып қалды.

Ережеп Қияқов тұрғын үй компаниясы жариялаған әдемі жарнамаға сеніп, 1 бөлмелі пәтер алу үшін 3 млн теңгесін апарып берген. Содан бері бір жыл өтті. Салынған үй жоқ, қайтарған ақшасы тағы жоқ.

Ережеп Қияқов, қала тұрғыны:

– 1 бөлмелі үйге 4 млн ақшаға келісіп, 3 млн-ын салып қойғанмын. Енді қазір мынадай жағдай болған соң Қошбаев Орақтың үйді сала алмайтын жағдайы бар. Сол үшін, мінеки, бізге келісімшарт беріп қойған. «21 күні ақшаңызды қайтып беремін» деген. Ол ақша да жоқ, өзі де жоқ. Ішкі істер органдарының адамдары оны іздеу жүргізіп жатқанын айтады.

«Гаухартас» тұрғын үй кешені жаңа 20-шы шағын ауданнан бой көтерген. Құрылысты заңсыз бастағанымен қоймай, 100-ден астам тұрғынның қаржысын алдын ала жинап алған. Тіпті бір пәтерді бірнеше адамға сатып жіберген. Алданған салымшылар әкімдіктен көмек сұрап отыр.

Бекнұр Балиұлы, қалалық Сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:

– Тиісті құрылыс құжаттарын рәсімдеместен тұрғын үй құрылысын бастап кеткен болатын. Оған сәйкес сот орындарына қазір талап-арыздар жолданды. Құрылысын тоқтату бойынша және халыққа барынша ашық ақпарат беру аясында осындай жұмыс ұйымдастырылып, салымшылардың алданып қалмауы және үлестке қатысты құқықтарын түсінуі бойынша бұл мониторинг қосымша жүргізілуде.

Қала әкімдігі заңсыз салынып жатқан құрылыстарды анықтау үшін мониторинг жұмыстарын бастады. Қазір Ақтауда 60-тан астам тұрғын үй салынып жатыр. Олардың 15-інің құжаты рәсімделмеген.

«Пәтер сатып аларда күмәнді үлестік құрылысқа қаржы салмауға және құрылыс компаниясының құжаттарымен мұқият танысып шығуға кеңес береміз», – дейді қала әкімі.

Нұрдәулет Қилыбай, қала әкімі:

– Біз әкімшілік тарапынан бұл мәселеге бейжай қарай алмаймыз. Бұл қазір облыс әкімінің қадағалауында тұр. Заң аясында олардың барлығы тексеріліп жатыр. Біз өз тарапымыздан қарап отырмай, мониторингтік топтар құрдық. Оның бәрін біздер тексеретін боламыз. Егер заңсыз құрылыс жүріп жатса, болашақта оның бәрін тоқтатамыз. Егер жай ескертуден кейін тоқтатпаса, басқаша шара қабылдаймыз. Осыған өздері мәжбүрлеп отыр.  

Құрылыс компанияларымен ғана емес, жарнама берушілермен де күрес күшейтіледі. Заңсыз салынып жатқан тұрғын үйлерге тұрғындардың қауіпсіздігі үшін жарнама берілмеуі тиіс. 

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы