422.87 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

БҚО-ға қарасты ауыл мектебі апатты жағдайда тұр

  • 146
  • UPD: 21:42, 03.11.2020

БҚО-ға қарасты Жұлдыз ауылындағы мектеп апатты жағдайда тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ғимарат салынғалы жібі түзу жөндеу көрмеген. Қақыраған қабырға мен тозығы жеткен коммуналдық желілер ауылдағы ағайынның үрейін туғызып отыр. Мектептің апатты деп танылғанына біраз жыл болса да, мәселе әлі күнге дейін шешілмей келеді. 

Ауылдағы мектеп ғимараты алғашында көппәтерлі тұрғын үй болған. Кейін білім мекемесіне берілді. Қазір нысанда 100-ге жуық бала оқып жүр. Мектепалды даярлық сыныбы мен шағын орталықта тағы 30 шақты жеткіншек бар. Бұрақ мұнда сабақ оқу қауіпті. Ғимарат әбден ескірген. Қабырғалары, шатыры мен едені тозып біткен. Ауылға көгілдір отын жеткізілсе де, мектепте әлі күнге дейін көмір жағылады.

Қазір санитарлық талаптарға сәйкес парталар бір-бірінен алшақ қойылуы тиіс. Мектепте сыныптар тар болғандықтан, жасөспірімдердің көпшілігі спорт залында оқуға мәжбүр. Ауылдағы білім ордасының жай-күйін жергілікті билік жақсы біледі. Жобалық-сметалық құжаттар әлдеқашан дайындалған. Елді мекенге жаңа мектеп салу үшін шамамен 500 млн теңгедей қажет. Алайда бюджеттен қаражат бөлінбей келеді.

Салауат Бекманов, мектеп директоры:

– Жобалық-сметалық құжаттың дайын болғанына бір жылдай болды. Біз оны әлдеқашан тапсырғанбыз. Содан облыс әкімі келіп, өз көзімен көріп кетті. Ауыл халқы ешқайда көшіп жатқан жоқ. Тұрақтылық бар. Жастар ауылда. Бала саны жылдан-жылға көбейіп келе жатыр.

Мән-жайды зерделеу үшін облыстық Білім басқармасының өкілімен кездестік. Өңірде 7 мектеп апатты жағдайда тұр. Соның төртеуіне жаңа ғимарат салу жұмыстары басталған. Ал қалған мектептердің жағдайы әзірге белгісіз көрінеді. 

Аяжан Жүнісова, облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары:

– Ақжайық ауданының Чапаев ауылында 100 орындық интернат пен 300 орындық мектеп құрылысы, Қазталов ауданына қарасты Сарықұдық ауылында 60 орындық мектеп, Қазталов ауылында 600 орындық мектеп және Орал қаласында №33 мектеп құрылысы жүргізілуде.

Жауапты мекеме өкілі Жұлдыз елді мекеніндегі мектепке қатысты ешқандай мәлімет бере алмайтынын айтты. Демек, құрылысты сарыла күтіп жүрген ауылдық ағайынның әлі де құр үмітпен күнелте тұруына тура келеді.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Руслан Ғазезов

Хабар 24 телеарнасы