423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Талдықорған тұрғындары заңсыз қоқыс полигонына шағымдануда

  • 117
  • UPD: 21:08, 03.11.2020

Күл-қоқыстың күлімсі иісі қолқаны қабады. Өзеннің жағасында жүру мүмкін емес. Талдықорғандағы оңтүстік-шығыс шағын ауданы тұрғындары осылай дейді.

Себебі елді мекен маңында заңсыз қоқыс полигоны пайда болған. Жұрттың шағым айтпаған жері жоқ. Бірақ нәтиже болмай тұр.

Қаланың шетіндегі, өзеннің жағасындағы ауданның тұрғындары балаларын үйден шығармайды. Себебі ауладан екі аттап шықса, лас жер басады. Өзен мен тұрғын үйлердің арасындағы тоғайдың әр жерінде үйілген күл-қоқыс жатыр. Жүк көлігімен құрылыс қалдықтарын аудара салған. Дәрі-дәрмек құтысы, азық-түлік қалдығы – бәрі бар. Тіпті мал мен ит, мысықтың да өлексесі шіріп жатыр.

Ақмарал Айтышева, қала тұрғыны:

– Үлкен-үлкен көліктермен келіп, қоқыстарын төгеді. Осы жақында арықтың суы ақпай тұрып, 11 ит пен мысықтың өлігін таптық. Әкімшілікке де, ТҮКШ-ке де хабарластық. Ешкім реакция білдірмейді. Ең аяғы мен сайтқа жазамын деп ұрысып жүріп, ветеринарлық қызмет келіп, алып кетті. Судың ішіне тастайды. Енді арықтағы су бүкіл қалаға барады деген сөз.

Зәуре Нұрсұлтанқызы, қала тұрғыны:

– Балалармен осы жерге шығып, кішкене серуендейін десең, мына жердің бәрі қоқыс. Бәрі үйлерінде керегі жоқ нелерін әкеліп, осында шығарып тастайды. Әкеліп жатқан адамдарды көре алмаймыз. Өйткені олар не ерте шығып кетеді, не түнде қараңғыда әкеліп, машинамен түсіріп тастайды. Машинамен түсіріп тастаған қоқыстар ғой мынау.

Өзен жағалай 3 шақырым жер қоқысқа көмілген. Осы аудандағы автобус аялдамасының айналасы да аяқ алып жүргісіз. Аялдама жанына қойылған қоқыс контейнерлерін  біреулер ұрлап кеткен. Полиция ұрыларды іздеп жатыр. Ең сорақысы заңсыз полигоннан 200 метр жерде балаларды оңалту орталығы орналасыпты. Ауасы лас, қоқыс шашылған жерде оңалту туралы айтудың өзі ұят. Ал бұл мәселе туралы қала билігі хабардар.

Нұрым Әлиұлы, қалалық ТҮКШ бөлімі жетекшісінің м.а.:

– Қазіргі таңдат заңсыз қоқыс орнынан 800 тонна зат шығарылған. Алайда біздің тұрғындар заңсыз қоқыстарды біз шығарған орындарға қайта шығарады. Алайда қазір мына фотоқұрылғыларды сатып алып жатырмыз. Олар мына қозғалысқа байланысты жұмыс істеп, фотоға түсіреді. Оны біз құқық қорғау органдарына жіберіп, анықталған тұлғаларға айыппұл саламыз. Немесе кінәлілер жазаға тартылады.

Жауапты орган өкілі жақында бұл ауданда сенбілік ұйымдастыратындарын айтты. Одан соң бақылауды күшейтпек.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы