422.87 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматы облысындағы ауылда мәдениет үйі қараусыз қалған

  • 245
  • UPD: 22:46, 03.11.2020

Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Қаражота ауылының мәдениет үйі қирап барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ауыл тұрғындары осылай дабыл қақты. Кезінде үлкендердің дидарласатын, жастардың концерт қойып, спортпен шұғылданатын орны болған ғимарат соңғы жылдары қараусыз қалған. Ауыл халқы мекеме мемлекет қарамағына өтіп, ел игілігіне қызмет етсе екен деген ниетте.

Қаражота ауылының бұрынғы атауы – Қызыл жиде. Бір кездері мыңғырған қой айдаған миллионер совхоз болған. Мәдениет үйі сол уақытта салыныпты. Тоқсаныншы жылдары бюджетте ақша болмай, ғимарат бос қалған. Ал 2006 жылы кәсіпкер Болат Нұрғазиев сатып алады. Сөйтіп бойына қайта қан жүгіргендей болған.  Бірақ 2018 жылдан бері тағы қаңырап бос тұр.  

Тлеуберді Құныпиянов, Қаражота ауылының тұрғыны:

– Есіктері алқа-салқасы шығып сынған. Іші мал паналайтын жерге айналған. Өйткені есіктері сынғандықтан, ішіне малдар оп-оңай кіріп, жүре береді.

Мұнда тозығы жеткен әдеби кітаптар шаң басып, жиналып тұр. Спорт залының сиқы мынау. Жылу жүйесі де істен шыққан. Мәдениет үйінің иесі ауыл тұрғындарының ғимаратты пайдалануына қарсы емес. Ал қаражоталықтардың өз уәжі бар.      

Рахымжан Аманбаев, Қаражота ауылының тұрғыны:

– Бұл жерде балаларға арналған ешқандай талап жоқ. Қазір халық болып жиналып, іске қосқанмен де, жеке меншік болғаннан кейін кез келген уақытта қайтарып алуы мүмкін. Оған ешкім кепілдік бере алмайды. Босатыңдар десе, ішкі жұмыстарын жасатып болғаннан кейін ақша желге ұшады.

«Сондықтан мемлекет мәдениет үйін кәсіпкерден қайта сатып алып, ел игілігіне берсе екен», – дейді ауыл тұрғындары.

Бақытжан Мергенбаев, Қаражота ауылының тумасы:

– Мәдениет үйінің иесі жөндеу жұмыстарына 8 млн теңгедей қаржы кеткенін айтады. Бұл жерде қаншама той өтті. Ол жұмсаған қаржысының біразын қайтарды ғой. Ауылымыздың жігіттері барып сұраса, «500 мың доллар сұрап отыр», – дейді.

Аудан әкімі еңбек демалысында екен. Баспасөз хатшысы 2018 жылы аудандық әкімдік ғимаратты мемлекет балансына ауыстыру туралы сотқа шағымданғанын айтты. Бірақ бұл арыздары қанағаттандырылмапты.

Динара Төлемісова, Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің баспасөз хатшысы:

– Жеке меншік иесімен 2019 жылдың басында ауызша түрде келіссөз жүргізілді. Қазіргі таңда тәуелсіз бақылауда. Сараптама нәтижесінде облысқа сұраныс беріледі. Қазір сатып алуға барлық әрекет жасалып жатыр.

Әзірге бұл келіссөздердің қашан аяқталатыны белгісіз. Ол мәселе  шешілмейінше, ауыл тұрғындарының мәдениет үйінің игілігін көре алмайтыны анық. 

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Кенже Амраев

Хабар 24 телеарнасы