422.87 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтауда үйге жапсарлана салынған көлікке газ құю бекеті жұрттың мазасын кетірді

  • 94
  • UPD: 12:22, 04.11.2020

Ақтауда 19-шағын аудандағы көп қабатты үй іргесінде газ құю бекеті орналасқан. Тұрғындар соған алаңдайды. Сол жерден былтыр жаңадан екі баспана бой көтерген еді. Авто-газ бекетінің дәл қасындағы аулада балалардың ойын алаңы да бар. Алмағайып қатерден қауіптенген жұртшылық сұйық отын станциясының басқа жерге көшірілгенін қалайды. Бұған кәсіпкердің айтар уәжі бар.

Газ құю бекетінен сұйық отынның аспанға атқылаған сәтін тұрғындар ұялы телефонға түсіріп алған.

«Станция аумағы қазір таспен қоршалып тұр. Түбінде балаларымыз ойнайды. Соларды ойлап қорқамыз. Ауладағы жалғыз ойын алаңы бекеттің дәл іргесінен салынуын түсіне алмадық. Жазатайым оқиға бола қалса, кім жауап береді?» - дейді олар.

Блиц:

- Балаларымыз ойнайтын алаң газ құятын жердің түбінде. Осыны алса біз өте қуанышты болар едік. Жақсы болар еді. Жиналып, қол қойдық. Әкімдікке де, басқасына да жазылды. Жалпы алатын шығар деп ойлаймыз енді.

-  Келісіп, ұрыс-керіске бармай азамат ретінде осыны алып, бір тынышталса халық. Балалар ойнап жатыр іргесінде. Жақында осы газын жіберіп жатты далаға. Қауіпті болып тұр, алынуын тілеймін.

- Тіпті қорқамын, алаңдаймыз шынымды айтайын. Үйге тіптен тиіп тұр, қашықтық болуы керек қой. 15 метр деп айтады, мынау бес метр ғой арасы деген. Хатты жаздық, апардық. Тұрғындар қол қойды. Екі демалыстан асты ғой, әлі жоқ.

Тұрғындармен тілдескен соң тас қоршауды айналып, газ құю бекетіне бардық. Әкімшімін деген мына жігіт жекеменшік нысанды жалға алып отырғанын айтты. Сөзіне сенсек, бекет аумағындағы резервуарға 15 тонна сұйық отын сыяды. Ол бастапқыда аулада тұрса, кейін жерге көмілген екен. Станция иесі ұялы телефонмен хабарласып, қалған ақпарды өзі айтып берді.

Күләш Тұрсынбекова, жеке кәсіпкер:

- 1997 жылы бұл қаланың свалкасы еді. Соны біз 12 күн сол жерді трактормен тазалағанбыз. Ана құжаттарымызда сол кездегі 27 микрорайонда қанша метрде орналасқан. Айналада ешқандай застройка жоқ деп көрсетілген. Енді мына кісілер алды да төбемізден салды. Үй салып жатқанда айтқанмын, балалар сіздер нормативті қолданбай жатырсыздар. Бұл қалай, мына тұрған заправканың үстінен қалай саласыздар деп. Бізге әкімдік берді, біздер саламыз деді. Әбден мазамыз кетіп болды, ақиқат қайда?! 23 жылдан бері отырған жекеменшік объектімізге біреу келіп үй салады. Содан кейін біз кінәлі боламыз.

Мәселенің мән-жайын, оның қалай шешілерін сұрап қала әкімдігіне хабарластық. Билік өкілінің айтуынша, газ құю бекетінің иесіне бұған дейін де ескертпе хаттар жіберілген.

Серік Гусман, қала әкімінің орынбасары:

- Қала әкімдігіне қарасты архитектура бөлімінен сол газ құю станциясына ескертпе хаттар жіберілген болатын. Яғни газ беру станциясының нысанын өзгертуге басқа коммерциялық нысанға. Сондай өзгерістерге ұсыныс бергенбіз. Енді қазіргі таңда халық тарапынан да сондай ұсыныстар түсіп жатыр. Бұл мәселеде кәсіпкермен қазір келіссөз жүргізілуде. Алдағы уақытта оң шешімін табады деп ойлаймыз.

Қала билігі кәсіпкерге әлгі жердің нысаналы мақсатын түбегейлі өзгерту туралы  ұсыныспен шығып отыр. Заңға сәйкес құжат жинау арқылы газқұю бекетінің орнына бизнес ғимарат тұрғызуға болады. Тек көп қабатты екі үйді салған кезде 20 жылдан астам қолданыстағы станцияның жобаға қалай қосылмай қалғаны ғана түсініксіз жағдайда қалып тұр.

Авторлар: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы