422.40 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Еліміздің коронавируске байланысты ахуал нашар аймақтарында карантин күшейтіледі

  • 139
  • UPD: 16:34, 04.11.2020

Эпидемиологиялық ахуалы нашарлап жатқан өңірлерде карантин талаптары күшейтіліп жатыр. Қарағанды облысында бүгін қосымша санитарлық бекеттер орнатылды. Аймақ шекарасынан өтетіндерге бақылау күшейтіліп, талап қатаңдатылды. Сондай-ақ блокбекеттер Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарына да қойылатын болды.

Қарағанды облысында тағы үш санитарлық бекет қойылды. Олар  Қызылорда – Павлодар тас жолының Молодежный кенті маңында, Бұқар жырау  ауданының Үміткер ауылы маңы және Қарқаралы ауданының Кентөбе елді мекені маңында орналасқан. Бекеттерден өткізу талаптары күшейтілген. Жүк  көліктері мен транзиттік көліктер, дәрігерлер мен арнайы қызмет өкілдерінен өзге облыс шекарасына кірушілер алдын ала propusk.kz сайтына тіркелуі  тиіс. 

Темірлан Тіканов, учаскелік инспектор:

- Бұл жол республикалық маңызы бар болғандықтан көлік ағыны жоғары. Тәулігіне 150-200 көлік келеді. Барлығын мұқият тексеріп жатырмыз.  Кешеден бері ешқандай құқық бұзушылық болған жоқ. Негізі адамдардың көбі қазіргі жағдайға бейімделе бастаған. 

Ақмола облысында да карантин талаптарын күшейтіліп жатыр. 7 қарашадан бастап Көкшетау қаласының айналасына санитарлық бекеттер қойылады. Бекеттерде бір медицина қызметкері мен бірнеше полицейден жұмыс істейді. Олар қалаға кіріп шыққан әрбір адамның дене қызуын өлшеп, анкеталық  мәліметтерін алады. Сондай-ақ COVID-19 арнайы деректер базасы арқылы жолаушының осы вируспен ауырғаны немесе науқаспен байланыста болғаны жайлы ақпаратты анықтайды. 

Айнагүл Мусина, облыстың бас санитар дәрігері: 

- Барлық елді мекендердің тұрғындарына кешкі сағат 21:00-ден бастап таңғы 6-ға дейін көшеге шығуға тыйым салынады. Қоғамдық тамақтану орындары кешкі 19:00-ге дейін ғана жұмыс істеуі тиіс. Ал демалыс күндері жабылады. Сауда орындары да сенбі-жексенбі жұмысын тоқтатады. Ал шаштараздар жексенбі күні жабық болады. Қоғамдық көліктер демалыс күндері  жүрмейді. 

Петропавл қаласында тоғызыншы қарашадан бастап қайтадан блокбекеттер  орнатылады. Күн сайын науқастар саны 10-нан асқан елді мекендерге де кіріп шығуға қатаң тыйым салынады. Алматы – Петропавл бағытындағы пойыз аптасына тек үш рет қатынайды. Аумағы 500 шаршы метрден асатын сауда үйлерінің жұмыс уақыты сағат кешкі тоғызға дейін қысқартылады. Демалыс күндері азық-түлік дүкендері басқа сауда орындары мен спорт нысандары жабылады. 

Еске салайық, Шығыс Қазақстанда коронавирустың таралуы өршіп, облыс «қызыл аймаққа» енді. Өңірде соңғы 10 тәулікте күн сайын 200-ден аса адам  инфекция жұқтырған. Әсіресе Өскемен, Семей, Риддер қалалары мен Алтай, Ұлан және Глубокое аудандарында індет жұқтыру көбейген. Осы жағдайға  байланысты карантиндік шаралар күшейтілді. Қоғамдық орындар мен сауда орталықтарында қосымша рейдтер жүргізіледі. 

Аймақтағы тілшілер көмегімен Ғазиза Мұхамеджанова

Хабар 24 телеарнасы